- Негізгі бет
- Сымбат
- Күзде салмақ қосып...
Күзде салмақ қосып алмас үшін қазір не істеу керек?
Күзде қысқа және жеңіл киімдерімізді салып тастап, жылы әрі жабық киімдерге көшеміз. Сол кезде көпшілік жаттығуға және дұрыс тамақтануға мотивациясын жоғалтып алады да, артық салмақ қосып алады. Оған қоса, жаңбырлы күндері үйге кіріп, жылы көрпені жамылып, ыстық шаймен тәтті бірдеңе жеуге асығамыз. Мұндай кезде бірден артық салмақ қосып алмас үшін қазірден бастап істеу керек нәрселер бар.
Әр тамақтануыңызға көкөністер үлесін қосыңыз
Көкөністер антиоксиданттарға, дәрумендерге және жасұнықтарға бай. Жасұнықтар қанттардың сіңу жылдамдығын азайтады және асқорытуды жылдамдатады. Ал бұл дене пішініне жағымды әсер етеді. Сондай-ақ рационыңызға пияз, сарымсақ, зімбір қосу артық етпейді: олар вирусқа және бактерияға қарсы әсерге ие. Сондықтан тұмауратып қалу мүмкіндігі азаяды.
Су ішу нормасын қадағалаңыз
Бір жұтым әдісін байқап көріңіз: әр отыз минут сайын судан бір жұтып, денеңіздегі өз сезіміңізді бақылайсыз. Егер су жеңіл ішілсе, оны ішкіңіз келгенге дейін ішесіз. Егер бірінші жұтымнан-ақ шөлдемегеніңізді түсінсеңіз, суы бар ыдысты қасыңызға қойып, жарты сағаттан кейін тағы да ішіп көріңіз. Адам ағзасы өте ақылды, онда су қажеттілігін білдіретін белгілер жақсы жұмыс істейді. Сондықтан өзіңізді, сезімдеріңізді тыңдап үйреніңіз. Су барлық зат алмасу процестеріне қатысады және асқорыту үшін өте маңызды.
Тәттіні негізгі тамақтан соң жеңіз
Негізгі тамақтануды тәтті бірдеңемен алмастырудың қажеті жоқ. Оны десертке қалдырыңыз. Бұл қарапайым ережені сақтау жылдам көмірсуларды артық жеп қоюдан және артық калория жинап алудан қорғайды. Себебі аш қарынға тәтті жесеңіз, қандағы глюкоза бірден артып кетеді. Ал ол жылдам көмірсуларға деген құштарлығыңызды одан сайын арттырады.
Әр тамақтануыңызда ақуыз болуын қадағалаңыз
Ақуыз — ағзадағы әр жасушаның құрылымдық негізі. Онсыз метаболизмдік белсенділікті іске қосу және дене сымбаттылығын сақтау мүмкін емес. Ет, жұмыртқа, тауық және теңіз өнімдері — толыққанды ақуыздың нағыз көздері. Ақуыздың өсімдік көздеріне бұршақтылар, брокколи, брюссель қырыққабаты, жаңғақтар, шемешкілер және асжапырақ жатады. Тәрелкеге әртүрлі ақуыз көздерін араластырып салыңыз.
Күнделікті тамақтану мәзіріне пайдалы майларды қосыңыз
Дұрыс майлар жасуша жарғақтарын сақтайды, метаболизмді ынталандырады, тоқтық сезімін сыйлайды және денені энергиямен қамтамасыз етеді. Апталық тамақтану жоспарына авокадо, майлы балық, жаңғақтар және шемешкілер, зәйтүн, балдыр қосыңыз.
Күнделікті белсенділікті ұмытпаңыз
Физикалық жүктеме зат алмасуды жақсартады, бұлшықет массасын арттырады және көңіл күйге жақсы әсер етеді. Кез келген физикалық белсенділік дофамин өңделуіне ықпал етеді. Бұл гормон рахаттану, сүйіспеншілік сезімдеріне жауап береді. Жаттығудан соң эмоциялық жағдайыңыздың жақсаратынын өзіңіз де байқаған боларсыз?!
Ұйқыны қандырыңыз
Ұйқының маңызды қасиеті — ағзаны қалыпқа келтіру. Ұйқы иммунды жүйені қатайтады, гормонды фон жұмысын жақсартады, энергияны арттырады. Ұйқы жетіспесе, сіз тәтті жей бергіңіз келеді. Осылайша, ағза жетіспейтін энергияны жылдам көмірсулардан алғысы келеді. Сондықтан сағат 23:00 болмай жатуға тырысыңыз және ұйықтауға 40 минут қалғанда гаджеттер қарамауға тырысыңыз. Қараңғыда және тыныштықта ұйықтаңыз.
А. Жапатова