Соңғы бірнеше жылда нутрициологтар бұл тәтті өнімге соғыс жариялады. Шынымен де, қосылған қант ағзаны калориямен қамтамасыз етеді, бірақ минималды қоректік құндылыққа ие. Оны артық жеу метаболизмге жағымсыз әсер етіп, артық салмаққа және кей ауруларға әкеледі. Көпшілік адам тәттіні артық жейді, ал басқалары бұл құштарлықты бақылауда ұстауға тырысады. Денсаулыққа және дене сымбаттылығына зиян келтірмес үшін күніне қанша қант жеуге болады?
Дұрыс қант таңдаңыз
Қосылған және табиғи қанттың арасындағы айырмашылықты түсініп алу керек. Табиғи тәтті өнімдерді таңдаған жөн: жемістер, бал, шәрбат. Мысалы, құрма (финик) тәттілігі жағынан шоколадты кәмпиттерден кем емес. Оған қоса, оның құрамында микроэлементтер мен жасұнықтар көп. Ал ақ қанттан толықтай бас тартқан дұрыс.
Шаманы біліңіз
Орташа есеппен, адам күніне 19 шай қасық қант жейді. Бұл шамамен 300 артық калория. Ол тойымды және үйлесімді кешкі аспен тең. Өкінішке орай, құрамында қанты бар өнімдерді көп жеу — өте көп тараған құбылыс. Сол үшін де жағдайды бақылауға алу қиындай береді. Оның үстіне айналаңызда бәрі десерттер, жеміс йогурттарын, түрлі пісірмелер жеп отырады. Әрине, мұндай кезде өзіңізді ұстау қиын болуы мүмкін. Бірақ әр нәрсені мөлшермен жеуді әдетке айналдыруға болады.
Күніне қанша қант жеуге болады?
Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Себебі әр адамның ағзасы әртүрлі. Кей адамдар қантты еш салдарсыз жей бере алады, ал басқалары оны барынша азайту керек болады. Дегенмен де, Американдық кардиологиялық ассоциацияның мәліметін ұсынбақпыз. Олардың мәліметі бойынша, күніне жеуге болатын қосылған қанттың максималды мөлшері мынадай:
- Ерлер: күніне 150 калория (37,5 г немесе 9 шай қасық);
- Әйелдер: күніне 100 калория (25 г немесе 6 шай қасық).
Сондай-ақ көпшілік сарапшылардың ойынша, қант күнделікті тұтынатын калорияның 10%-нан аспауы керек. Күніне 2000 калория тұтынатын адам үшін бұл 50 г немесе шамамен 12,5 шай қасық қант болады. Сау және белсенді ағза бұл қант мөлшерін еш қиындықсыз жеңе алады. Алайда қантты рационға қосудың еш қажеттілігі жоқ: оны қаншалықты аз жесеңіз, соншалық жақсы.