Жаз. Ағзаңыз күнге қыздырынуды қалайды. Осы үшін кейбіріміз мұқит асамыз, қалтамызды қағып, жиған-тергенімізді шашамыз. Таяқтың екі ұшы болады емес пе?! Ендеше, төменнен күнге қыздырынудың пайдасы мен зиянын біліп алыңыз.
Гиппократтың барлық аурудың емі күн деп айтып кеткені белгілі. Ультракүлгін сәуленің әсерінен тері тез қызарып, оның зат алмасуы, қан айналымы жақсаратын көрінеді. Терідегі минерал заттардың алмасуын қалыптастыратын «Д» дәрумені көбейіп, сынғыш, әлсіз сүйектің жетілуіне, қажетті дәруменді сіңіруге себеп болады. Сондай-ақ, тіс, тырнақ, шашқа ең қажетті кальцийді алмастыруға көмектеседі. Ең бастысы, күн сәулесі арқылы терідегі саңырауқұлақты аурулардың микробтарын жоюға болады. Күнге күю әртүрлі тері ауруларын (терлегіштік, безеу тағы басқа) емдеуге пайдалы. Қысқасы, күн сәулесінің адам ағзасына пайдасы жетерлік. Дегенмен, дәрігерлер күнде көп жүруге болмайтынын ескертеді.
Мамандардың айтуынша, күннің астында ұзақ уақыт жүру салдарынан түрлі тері аурулары пайда болады. Мәселен, фотодерматит – күн сәулесінен пайда болатын ауру. Адамның денесінде бөртпелер пайда болып қышып, мазаны алады. Көбіне бетке, мойынға, қол-аяққа шығады. Бұл ауру арнайы мамандардың бақылауымен емделеді. Сондай-ақ, дәрігерлердің айтуынша, күн көзінде шамадан көп қыздырыну тері обырына әкеп соқтырады. Әсіресе, терісі аққұба, сепкілге бейім жандардың күн көзінде ұзақ жүруіне немесе қыздырынуына болмайды екен.
Күн сәулесінің пайдасы да зияны да жетерлік. Ендеше, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеп» қатерлі дертке душар болмас үшін қауіпсіздік шараларын сақтағанымыз жөн.
Дереккөз: anabol.kz