- Негізгі бет
- Сымбат
- Құжат суретінде сәтті...
Құжат суретінде сәтті шығамын десеңіз
Жеке куәлік, төлқұжат, көлік жүргізу куәлігі, тіпті студенттік билетке де оның иесінің суреті қажет. Күнделікті қолданатын осындай маңызды құжаттардағы суретеріңіз сәтті шықпады ма? Келесі жолы құжатқа суретке түсуге барғанда біздің кеңестерімізді есте сақтап жүріңіздер.
Әсіресе бұл мәселе аруларды қатты толғандырады. Құжаттың суретін фотошоппен өңдеуге, өзіңіз қалағандай жарықтандыру мен тұрысты таңдауға болмайды. Сонда да сіз кейбір сырларды біле тұра, сәтті сурет шығу үшін үлесіңізді қоса аласыз.
Ең біріншіден фотосурет беттің бедерін ғана емес, макияждың да 20 пайызын "жеп қоятынын" ұмытпағаныңыз жөн. Бірақ құжаттың суретінде қатты боянып түсуге де болмайды. Біздің мақсатымыз табиғи макияж жасап, бетіңіздің сұлу жерлерін көрсете білу.
Бет түсі
Беттің дұрыс түсі мен реңкі сәтті суреттің кепілі. Көз астындағы қара дақтар, шаршағандық, безеулер, сұр түсті бет ешкімге де жараспайды. Құжатқа суретке түсуге барардың алдында жақсылап ұйқыңызды қандырыңыз. Бір күн бұрын пилинг, маска жасаған дұрыс. Суретке түсуге жиналғанда бетіңізге жақсы ылғалдандыратын крем жағып, консилермен беттің кемшіліктерін (көз астындағы қара дақтар, қызарып тұрған безеулер) жасырыңыз. Бетке жағатын макияж асты негізін қолданған дұрыс. Ол теріңізді біркелкі қылып, түсін де түзейді.
Макияж
Сурет бетіңіздің бедерін басқаша қылып көрсетеді. Сондықтан макияжды дұрыс жасау жақсы сурет үшін шарт. Табиғи сары қоңыр бояу көмегімен мұрын, маңдай, иек пен жақтардың пішінін коррекциялаңыз. Бастысы бояуды көп жағып қоймаңыз. Ал беттің шығыңқы жерлерін хайлайтермен (ашық түсті бояу) белгілесеңіз болады. Артынан опаның жұқа қабатын жағып, макияжды бекітіңіз. Опа беттегі артық жылтырды жасырады.
Көздер
Құжатқа арналған суретке көз макияжының қиын түрлерін жасамай-ақ қойыңыз. Ең дұрыс жол қысқа, жұқа стрелка салып, кірпіктерді ұзартатын тушьпен бояу. Ашық түсті және қоңыр табиғи түсті бояуларды қолдануға болады, бұл көзіңізді терең көрсетеді. Ал көздің ішкі бұрышына жағылған ашық түсті қабақ бояуы көзіңізді үлкейтеді.
Еріндер
Жарқын түсті далаптардан бас тартып, табиғи, ашық түсті далап қолданған жөн. Құжатқа арналған суретке түскенде еріннің шекарасына ерекше көңіл бөліп, оны қарындашпен сызып шығыңыз. Ерінге арналған жылтырды мүлдем қолданбаған дұрыс. Еріндеріңізді үлкен қылып көрсеткіңіз келсе, кішкене ақ бояуды (мысалы, көз бояуын) еріннің үстіне не ашық реңкті далапты еріннің ортасына жағыңыз.
Шаш сәні
Тіпті мінсіз макияж шаштың жағдайын жасыра алмайды. Таза шаш, ұқыпты шаш сәні құжаттағы суреттің сәтті шығуының кепілі. Қиын шаш сәндерінің түрлерінен бас тартқан дұрыс. Алайда шашты буа салып та барған дұрыс емес. Құжаттағы суретте жайылған шаш жақсы көрінеді. Шашыңызға тек пішін беріп, лакпен бекітуге болады.
Есіңізде болсын
Фотосуретке сәтті түсу үшін жылтыр бояулар, шиммер мен глитер қолданбаған дұрыс. Жылтыр қабақ бояуы көзіңізді шаршаған болып көрсетсе, жылтыр еңлік мен опа бетіңізді майлы қылып көрсетеді.
Сондай ақ, құжатқа суретке түскеннің алдында айнаның алдында күлімсіреп жаттығыңыз. Ұнаған келбетіңізді есте сақтап, суретке дәл солай түсіңіз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: lada.kz
С. А