- Негізгі бет
- Сымбат
- Кірпіктің түсуіне әкелетін...
Кірпіктің түсуіне әкелетін 5 әдет
Кірпігіңіз табиғатынан қалың болды. Ал қазір оның сиректеліп бара жатқанын байқадыңыз ба? Ендеше, кірпікті күннен күнге әлсіз ететін мына әдеттерге мән беріңіз.
1. Ұйықтар алдында макияжды жумайсыз
Ауыр күннен кейін немесе қатты шаршасаңыз, бетіңіздегі макияжды жууға ерінесіз немесе ұмытып кетесіз. Кейде жуамын деп жатып, қалай ұйықтап кеткеніңізді білмей қаласыз.
Тушь кірпікті қатты етеді және сыртқы әсерлерге әлсіз қылады. Егер ұйқыға көз макияжымен жатсаңыз, кірпігіңіз жастыққа тиюі әбден мүмкін. Оның зақымдалу мүмкіндігі бірнеше есе артады.
Кірпіктегі тушьті кетіретін құрал оны алдымен жұмсартуы керек. Сол үшін көз макияжын сүртетін арнайы құрал алып қойыңыз. Оның май негізінде жасалған түрі болғаны жақсы. Кірпікті жұмсартып алсаңыз да, оны қатты уқалап жумаңыз.
2. Жапсырмалы кірпікті дұрыс алмайсыз
Күні бойы макияжбен жүргеннен кейін кешке үйге келгенде оны жылдам кетіріп, жеңілдеп қалғымыз келеді. Бірақ егер жапсырмалы кірпік бар болса, асығуға болмайды. Егер оны қатты және ұқыпсыз алып тастасаңыз, өз кірпіктеріңізден де арыласыз.
3. Суға төзімді тушьті күнде жағасыз
Суға төзімді тушьтар бар екенін білетін шығарсыз. Мұндай тушьтар, мысалы, жаңбырдың астында қалып қойсаңыз немесе суға түсуге барғанда ағып кетпейді. Бірақ оларды күнделікті негізде еш себепсіз қолдана беруге болмайды. Ауа-райы жаңбырды болжамаса және далада күн шақырайып, құрғақ болып тұрса, суға төзімді тушьтің еш керегі жоқ. Себебі, әдетте, жақсы суға төзімді тушь күшті химиялық формулаға ие. Мұндай тушь кірпікке қосымша күш түсіреді. Сондай-ақ суға төзімді тушь қиын кетіріледі. Оны жылдам және дұрыс емес кетірсеңіз, кірпіктеріңіз түсе бастайды.
4. Кірпікті тушь жаққаннан кейін қайырасыз
Кей қыздар кірпікке тушь жаққаннан кейін оны арнайы құралмен қайырады. Жоғарыда айтқандай тушь кірпікті қатырып тастайды, сондықтан онымен жасалатын кез келген механикалық әсерлер оны зақымдап жібере алады. Сіз қатып тұрған кірпікті қайырған кезде олардың сынуы әбден мүмкін. Кірпікті әдемі етіп қайырғыңыз келсе, алдымен құралмен қайырып алыңыз, содан кейін ғана тушьті жағыңыз.
5. Тушьті өте көп жағасыз
Тушь — кірпікке арналған ең танымал сәндік құрал. Тушь кірпікке көлем береді, оны ұзартады және қалыңдатады. Бірақ оның құрамындағы заттар кірпік құрылымына механикалық та, химиялық та әсер береді. Нәтижесінде, кірпіктеріңіз сіз қалағандай көрінеді, бірақ олар «тыныс ала» алмайды. Сондықтан олар әлсіз бола түседі және жұқарады. Кірпігіңіздің табиғи сұлулығы мен саулығын сақтау үшін аптасына екі немесе үш күн тушьсіз жүруге тырысыңыз.
А. Жапатова