- Негізгі бет
- Сымбат
- Кірпікті ұзарту...
Кірпікті ұзарту
Ұзын, қалың кірпікті армандамайтын ару бар ма? Табиғаттың аяған кірпігін жасанды түрде сән салондарында жабыстырып, ұзартып бере алады. Немесе арнайы дауамен өз кірпіктеріңізді өсіре аласыз. Қайсысын таңдаған дұрыс?
Бір кешке кірпік ұзарту
Кірпігіңіздің түбіне арнайы түссіз не қара желіммен тұтас не бөлек шоқ кірпіктер жабыстырылады. Тұтас кірпік жасанды көрінетініне байланысты, бүгінде бөлек шоқ кірпіктер қолданылуда. Кірпіктер жасанды не табиғи болуы мүмкін. Ұзындығы мен түсі бойынша да түрлі болады. Кейбір қыздар өздеріне өзі-ақ кірпік желімдей алады. Кірпіктерге сенім жоқ - түсіп қалуы мүмкін. Онша ыңғайлы да емес. Кірпікті өсірудің осы жолын таңдасаңыз, өзіңізбен бірге қосымша кірпік пен желім ұстап жүргеніңіз абзал.
Салонда кірпік ұзарту
Кірпік өсірудің бұл түрі алдыңғыға ұқсас, алайда бұл дауа тек салонда жасалады. Кірпіктер бір кешке емес, әлдеқайда ұзақ уақытқа ұзартылады. Бұл істі білгір маманға тапсырған жөн. Арнайы берік желім көзіңізде аллергия қоздыруы мүмкін. Бұндай кірпік ерекше күтім мен байыптылықты талап етеді. Ұзартуды салонда 2-3 айда бір рет коррекциялап тұру керек. Кірпіктер бұл мерзімнен көп сақтала алмайды, себебі өзіміздің кірпіктер осы уақытта жаңарып, түсіп, жаңасы өседі. Ескі кірпікпен бірге жасандысы да түсіп қалады.
Көзде аллергия қоздыру мүмкіндігімен қоса, бұл дауа өз кірпіктеріңіздің жағдайын құртады: олар жүдеп, түсе бастайды. Жасанды кірпіктерді өсіргеннен кейін көзге арналған крем, майларды қолдана алмайсыз. Себебі олар желімді бейтараптандырады.
Айта кетсек, бұл дауаның бағасы айтарлықтай жоғары. Әр коррекцияға да қомақты сомма төлеу керек болады.
Өз кірпігіңізді өсіру
Бұл дауа косметолог мамандардың ойлап тапқан арнайы кірпік өсуін белсендіргіш сұйықтыққа негізделген. Ол кірпікті қоректендіріп, берік қылады. Бұл ғажап сұйықтықты үйде еш көмексіз өзіңіз қолдана аласыз. Қолдана бастағаннан кейін 3-4 апта өткенде айтарлықтай өзгеріс байқайсыз. Ал 12-16 аптадан кейін кірпіктеріңіз мүлдем танымастай болады. Ұзындығы мен қалыңдығы жақсарады.
Әрине кірпікті сау ұстау үшін майсана (кастор) майын қолдана берсе болады. Алайда кірпік өсуін белсендіргіш құрамындағы заттардың үйлесімі кірпікке ең жақсы жағдайлар жасап, тез өсуін қамтамасыз етеді. Құрамына тек табиғи құрамдас бөліктер кіреді. Жарнамаға сенсек, нәтижесінде сіз қалың да ұзын кірпіктің бақытты иегері атанасыз. Құрбыларыңызға бұл жабыстырылған емес, өзімдікі деп көндіретін кез келеді.
Кірпікті ұзын етіп көрсететін дауалардың ең дұрысы - соңғысы. Табиғи заттар мен заманауи зерттеулер нәтижесінде алынған ғажап сұйықтық жабыстырылғаннан кірпіктен әлдеқайда жақсы.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: misseva.ru, clinic-virtus.com
С. А