Танымал сұлулық процедурасы денсаулығыңызға және көзіңізге зиян болуы мүмкін. Себебі кірпікті өсіретін шеберге медициналық білім қажет емес, ал клиент әдетте сұлулық процедураларымен байланысты мүмкін қауіптерді өздігінен бағалай алмайды. Бір қарағанда оңай көрінгенімен, кірпік өсіру үшін нақты дағды, кәсіби тәсіл және орындаудың асқан дәлдігі қажет. Бұл процедура несімен қауіпті болуы мүмкін?
Шебер әрбір табиғи кірпікке жасанды кірпіктерді жабыстырады. Ол үшін арнайы желім пайдаланады. Орташа есеппен, мастер әр көзге 40-100 жасанды кірпік қолданады.
Оның қаупі қандай?
Сапасыз материалдарды қолдану, көп мөлшерде желім пайдалану, біліксіз шебер және басқа да факторлар процедурадан кейін түрлі асқынулар пайда болуын ынталандыруы мүмкін.
Соның салдарынан қабақ ісіп кетуі, көздің мүйізгек қабығында жұқпа пайда болуы, уақытша немесе біржола кірпіктен айырылу қауіптері бар. Алайда түрлі жағдайларға байланысты басқа да асқынулар пайда болуы мүмкін:
- Конъюнктиваның (конъюнктивит) немесе көздің мүйізгек қабығының (кератит) тітіркенуі. Мұндай реакция жасанды кірпіктермен байланыс немесе желім құрамының себебінен пайда болуы мүмкін;
- Аллергиялық реакциялар. Құрамында формальдегиді бар желім аллергия беруі мүмкін. Бұл зат денсаулыққа қауіпті болғандықтан, көптеген елдерде қолдануға тыйым салынған. Формальдегид арзан да, қымбат та желімдердің құрамында болуы әбден мүмкін;
- Жұқпа жұқтыру. Жасанды кірпіктер ластық пен бактерия жинайды. Дұрыс тазаланбаған жағдайда жұқпа жұқтыруға қолайлы орта жасалады. Жұқпа түсуінің алғашқы белгісі - көздің қызаруы;
- Құрғақ көз синдромы. Ол кірпіктің өлшемі және ұзындығы сәйкес емес болған жағдайда пайда болады;
- Алопеция - жабыстырылған жасанды кірпіктердің ауырлығынан табиғи кірпіктердің түсіп қалуы.
Қауіптен қалай қорғанамыз?
Кірпік өсіру процедурасы тек эстетикалық әсер береді, ал оның көз денсаулығына қаупі жоғары. Сондықтан көзде теріскен, конъюнктивит немесе басқа да көздің қабыну аурулары болса, кірпік өсіруге болмайды.
Кәсіби маман табуға тырысыңыз. Себебі олар сапалы материалдар пайдаланады: дерматологиялық бақылаудан өткен жасанды кірпіктер мен желім таңдайды. Бұл жағдайда қауіп азаяды, бірақ жеке көтере алмаушылық жайлы ұмытпау керек. Сондықтан кірпікті өсірмес бұрын мастерден желімге аллергияңыздың бар-жоғын тексеріп көруін сұраңыз. Санитарлық нормалар қатаң сақталатын сұлулық салонын таңдаңыз. Егер бұл процедурадан соң көзіңіздің құрғақ бола түскенін, қызарғанын, тітіркенгенін немесе аллергия бергенін байқасаңыз, бірден мастерге барып, алып тастауын сұраңыз. Кірпік өсіру процедурасына бір рет барған адам оны қайталап жасай бергісі келеді. Бірақ кірпікті демалтып тұру керегін ұмытпаңыз.