- Негізгі бет
- Сымбат
- Кірпігіңізді өсіргіңіз келсе......
Кірпігіңізді өсіргіңіз келсе...
Кірпікті кей тушьтар немесе жасанды кірпік жалғау арқылы ұзартуға болады. Бұл әдістер жылдам нәтиже алу керек кезде жақсы. Келесі әдіс – өз кірпігіңізді өсіру үшін шыдамды болып, амалдар қолдану. Нәтижені 3-4 ай өткен соң көруіңіз мүмкін, бірақ косметикасыз кірпігіңіз ұзындау әрі қалыңдау көрінгенге не жетсін?!
Қатты тырнақ, әдемі тері және мықты шаш – мұның барлығына дұрыс таңдалған күтім құралдары арқылы жетуге болатынын білеміз. Бірақ ағзаны іштей қоректендіру одан да маңыздырақ рөл атқарады. Сондықтан дәрумендер мен пайдалы микроэлементтерге бай рационды ұстану керек. Кірпік те шаш сияқты ақуыз, кератиннен тұратындықтан рационыңыз ақуызға бай болуы тиіс. Сонымен қатар қанықпаған майлар керек: олар балық, теңіз өнімдері, зәйтүн майы және жаңғақта болады. Құрамында А, Е дәрумендері және В тобының дәрумендері бар өнімдер өте пайдалы. Мысалы: брокколи, банан, жүзім, сәбіз, асқабақ, сүт, сүтті өнімдер, бауыр және т.б. Егер фастфуд пен тәттілерден бас тартып, дұрыс тамақтану мен су ішу режимін ұстансаңыз, оның ағзаға, сыртқы келбетке әсерін көп ұзамай байқайсыз.
Біздің сыртқы келбетімізге әсер ететін тағы бір мәселе – күйзеліс жағдайында болу. Күйзеліске жиі шалдығатын адамның терісіне бөртпе шығуы, шашы мен кірпігінің түсе бастауы әбден мүмкін. Себебі күйзеліс ағзада қабыну процестерінің пайда болуына ықпал етеді.
Күнделікті макияжыңызды қалай сүртесіз? Егер көзіңізді мақта дисктерімен уқалай сүртсеңіз немесе макияжды бірден сабынмен жусаңыз, қалың кірпіктер туралы армандамай-ақ қоюға болады. Макияжды кетірерде мицеллярлы суға суланған мақта дисктерін көзіңізге басып, жарты минут ұстаңыз. Сол кезде мициллярлы су макияжды ерітіп үлгереді. Содан соң оны жай қозғалыспен сүртіңіз. Ал макияжды сүртпей ұйықтауға мүлдем болмайды.
Кірпігіңіз ұзын болуы үшін алдымен жоғарыда айтылған негативті факторларды кетіріп, содан соң уақытылы кірпік күтімін жасау керек:
- Кірпікке май жағу. Кірпікке зәйтүн немесе кастор майын қолдануға болады. Оларды түрлі әдіспен пайдаланады. Мысалы, майдың көмегімен косметиканы сүртуге болады. Әртүрлі майларды араластырып, оны кірпікке жағыңыз. Майға А және Е дәрумендерінің сұйық ампуласын қосу арқылы кірпікке арналған маска жасауға да болады.
- Кірпікке компресс жасау. Мысалы, түймедақ және қырмызыгүл сияқты шөптердің қайнатпасын дайындап, оған мақта дисктерін малып, көзіңізге 20-30 минутқа қалдыру арқылы компресс жасаңыз.
- Формуласы жеңіл тушь алу. Мысалы, суға төзімді тушьтар, әдетте, кірпіктерді құрғатып жібереді. Оның үстіне мұндай тушьтарды кетіру қиын болғандықтан кірпіктерді уқалап, оларды зақымдауыңыз мүмкін. Оның орнына формуласы жеңіл немесе құрамы пайдалы элементтерге бай сапалы тушь алыңыз.
А. Жапатова