Көз астындағы күңгірт дақтар көп қыздарды толғандыратын мәселе. Бетіңіздің реңкі біркелкі, түсі шырайлы болуы үшін бұл дерттен міндетті түрде айырылуыңыз керек. Бүгін біз көз астындағы күңгірт дақтарды жасырудың сырларымен бөлісеміз.
Көз астындағы дақтардан арылу жолдарын бұрын да жазған едік. Енді осы кеңестерді толықтырып, нақтылай түсейік.
Көз маңайындағы терінің ерекшелігі ондағы көп майда қан тамырларының теріге өте жақын орналасуында. Егер сол қан тамырларының қабырғаларын берік қылсаңыз, олар көрінбей қалады. Мамандардың айтуынша, бұл қан тамырларын берік қылудың ең оңай жолы – оларды мұз кесектерімен сүртіп отыру. Алайда бұл дауаны жасағанда, абай болған жөн. Мұз кесегімен теріні ұзақ уақыт емес, бірнеше секунд қана сүрту керек.
Көз терісінің ісіп, қарайып көрінуі, сондай-ақ терінің жұқалығына байланысты бола алады. Оны қалың әрі берік қылу үшін теріні ылғалдандырып, қоректендіру керек. Ол үшін арнайы көз маңындағы теріге арналған маска, крем қолданған пайдалы. Бұл сұрақта тамақтану тәртібіңіз де маңызды рөл атқара алады. Көзді бояған кезде не бояуды өшіргенде көз терісін ысқылау да тері жағдайына әсер етеді.
Биік жастықта ұйықтап үйреніңіз. Бұл да көз астындағы қара дақтарға көмектеседі.
Қолданылған шай қалташаларымен көзді басу – бұл мәселедегі танымал шешімдердің бірі. Шай жапырақтарындағы танин атты зат көз терісіндегі артық сұйықтықты шығарады. Әрине құрамында танин көбірек жасыл шайын қолданған өте пайдалы, алайда қара шай қалташасы да жарайды.
Келбетіңіз жайдары болуы үшін, кірпік ұзартатын тушь қолданған дұрыс. Оны кірпіктердің ішінен зигзаг қимылдармен жағыңыз. Ал астыңғы кірпіктерді мүлде боямай-ақ қойыңыз, керісінше жағдайда сіз көз астындағы дақтарды одан бетер басып көрсетесіз.
Жалпы көз қасындағы теріге арнайы крем жаққан абзал. Оның құрамы жеңіл келеді, сіңуі де тез, соның арқасында теріні ауырлатпайды, бетінде майлы қабат қалмайды. Сонымен қатар бұндай крем бетіне жағылған косметика жақсы жатып, ұзаққа сақталады.
Егер сіз үшін көз астындағы дақтар үйреншікті нәрсе болса, дәрігерге тексерілгеніңіз дұрыс. Кей жағдайларда көздің ісуі аллергия не дұрыс емес рационның белгісі болуы мүмкін. Мысалға тұзды тағамдарға құмар болсаңыз, тұз ағзадағы судың тұрып қалуының себебі болуы мүмкін.
Көз астындағы дақтарды жасыруға көмектесетін тағы да бір құрал – жарық бөлшектері бар арнайы крем. Оны дақтың үстіне біркелкі жағып, кебуін күтіңіз. Артынан көзіңізге түсі сіздің тері түсіңізден бір реңкке күреңдеу консилер жағыңыз. Үстінен үйреншікті реңк беруші крем не опа жағыңыз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: sok.forblabla.com