- Негізгі бет
- Сымбат
- Косметологтың орнына минерал...
Косметологтың орнына минерал су
Қарапайым минералды су бет терісін құнарландырып қана қоймай, балғын, әрі нәзік болуын қамтамасыз етеді. Ол үшін минералды судан жасалатын лосьон, маскалардың көмегіне жүгініңіз.
- Минералды судан төртбұрышты мұз жасап, күнде бет және мойын аймағын сүртіңіз. Мұндай массаж беттегі тесіктерді тарылтады, әжім пайда болудың алдын алады.
- Егер салтанатты кешке балғын түр-әлпетіңізбен көзге түскіңіз келсе, екі түкті сүлгі және екі кішкентай тегене алыңыз. Бір тегенеге ыстық минералды су, ал екіншісіне мұздай минералды су құйыңыз. Бетіңізге құнарландыратын майлы крем жағыңыз да, орамалды минералды ыстық суда сулап алып, суығанша бетіңізде ұстаңыз. Суық сумен де солай істеңіз. Осылай 5-6 рет жасаңыз. Теріңіз бір мезетте нәзік, балғын болып шыға келеді.
- Жуынудан кейінгі лосьон. Бір стақан минералды суды қайнатып алыңыз. Осы суда 2 үлкен қасық қалақай, түймедақ немесе календуланы демдеңіз (майлы тері үшін), жалбыз немесе қайың жапырағын – құрғақ және қалыпты тері үшін. Жарты сағат тұндырып қойыңыз. Әрбір жуынған соң осы сумен бетіңізді сүртіңіз. Лосьонды 5 күндей тоңазытқышта сақтауға болады.
- Кешкілік лосьон. 1:1 мөлшерде минералды су және лимон шырынын араластырыңыз. Ұйықтар алдында бет, мойын және қолдарды сүрту керек.
- Жасартатын маска. 0,5 стақан минералды суды сіздің бет типіңізге сай келетін 1 үлкен қасық балшықпен араластырыңыз. Майлы теріге бір қасық лимон шырынын қосыңыз, құрғақ теріге – зәйтүн немесе күнбағыс майын, қалыпты теріге – бір қасық йогурт. Бет және мойын терісіне жағып, 15-20 минут ұстаңыз да минералды сумен жуып тастаңыз.
Сурет: egoistochka.net
Дайындаған: Анар Мұстафина
A. Mustafina