Бұл жазба өзін косметикасыз елестете алмайтындарға арналады. Бетіне опа-далап жақпаса өзін ыңғайсыз сезінетіндер косметика сатып алуды ақшасын еш аямайды, сапалысын, қымбатын таңдап алады. Қанша қымбат косметика болса да, жарамдылық мерзімі өтіп кетсе, қоқысқа тастай салудан да қымсынбайды. Макияж құралдарыңыздың ғұмырын ұзарту үшін мына кеңестерге құлақ түріңіз.
► Макияж жасайтын заттарыңыз күн көзі тікелей түспейтін, құрғақ жерде тұруын қадағалаңыз. Егер олар жуынатын бөлмедегі айнаның алдында тұрса, дереу орнын ауыстырыңыз. Ылғал ауада косметикаға тез микроб түседі. Егер ванна тұрған бөлмедегі жақпамайлардан бетіңіз бөртіп кетсе, оған басқа себеп іздеп әуре болмаңыз, миркоб түскені анық. Жақпамай қақпағы бекітіліп жабылуы да аса маңызды.
► Бетке арналған реңдік (тональный) құралдарды спонжбен жағар болсаңыз, оны әр қолданған сайын тазартып отыру керек. Ал жаққышты аптасына бір рет тазартсаңыз да жетеді.
► Сәндік (декоратив) косметиканы бір жылдан астам уақыт қолданбауға тырысыңыз. Әйтпесе кейін бет пен дене терісі оның зардабын тартады.
► Егер ерінге жағатын далабыңыздан бөгде иіс шыға бастағанын байқасаңыз, бұл дереу оны лақтыру керек деген белгі.
► Кез келген көз сүрмесі (тушь) үш айға ғана жарайды. Мерзімі өтіп кеткен сүрмені қолданып, көзіңізге инфекция түсіріп, зақым келтіріп жүрмеңіз.
► Реңдік құралдарды жаққышпен жақпай, қолыңызды да қоса пайдалансаңыз, бұл тек ерсі көрініп қана қоймай, теріңізге зиян келтіреді.
► Химиялық қоспасы көп косметиканың зияны да шаш етектен болатыны белгілі. Оны қолдану да аса сауаттылықты, ізденісті қажет етеді.