- Негізгі бет
- Сымбат
- Косметика құрамындағы 6...
Косметика құрамындағы 6 қауіпті зат
Косметикалық немесе тері күтіміне арналған құралдарды мұқият таңдау керек. Себебі кей белсенді компоненттер адам ағзасына кері әсер береді. Түрлі химиялық өнімдерді көп қолдану уақыт өте өз әсерін білдірмей қоймайды. Қазір маркетингтің жақсы дамыған заманында «табиғи» немесе «органикалық» деген жазуы бар өнімдердің бәріне бірдей сенуге болмайды. Қандай да бір құралды сатып аларда оның құрамын жақсылап зерттеу керек. Косметикалық құралдардың құрамында болмауы керек (немесе өте аз мөлшерде болуы керек) 6 ингредиентті ұсынамыз.
Формальдегид (Formaldehyde)
Формальдегидті канцерогендер (қатерлі ісіктің пайда болуына әсер ететін заттектер) қатарына топтастыратын зерттеулердің көптігіне қарамастан ол әлі де шаш түзететін құралдың, тырнаққа арналған лактың, кірпікке арналған желімнің және басқа да косметикалық құралдың құрамына пайдаланылады.
Фталаттар (Phtalates)
Бұл әтір иісі ұзаққа сақталуы үшін және кірпікке арналған желімнің немесе тырнаққа арналған лактың «бекіту сапасын» жоғарылатуға қолданылатын қосылыс. Фталаттар эндокринді жүйенің жағдайына негатив әсер ететіні дәлелденіп қойған. Сондай-ақ олар қоршаған ортаға да зиян.
Парабендер (Parabens)
Парабендер де көптеген косметикалық құралдың құрамында бар. Алайда олар адамның гормонды жағдайына кері әсер етеді. Оны дәлелдеген зерттеулер көп. Сондықтан да көпшілік брендтер өз өнімінің сыртына «парабендерсіз» деп жазуды қолға алды. Стандарт бойынша, парабендерді өте аз мөлшерде косметикалық құралдарға қолдану қауіпсіз саналады. Бірақ дәрігерлер сонда да құрамында парабендер бар құралдарды пайдаланбауға кеңес береді.
Минералды май (Mineral oil)
Әдетте, минералды майды ерінге арналған жылтыр, консилер, тень, күннен қорғайтын крем мен жуынуға арналған бальзамдарға қолданады. Алайда ол адам денсаулығына да, қоршаған ортаға да қауіпті. Мұнайды қайта өңдеу арқылы алынған жанама өнім, яғни минералды май (сондай-ақ парафин деген де атауы бар) безеудің шығуына ықпал етуі, аллергиялық реакция беруі немесе канцерогенді қоспалардан тұруы мүмкін.
Триклозан (Triclosan)
Бұл микробқа қарсы ингредиент жиі қолға арналған залалсыздандыратын құралдарда және антибактериялық сабында кездеседі. Бірақ ол қалқанша безге және репродуктивті органдарға негатив әсер етеді. Оны кей мемлекеттерде қолдануға мүлдем тыйым салынған. Бұл мемлекеттер қатарына жақында АҚШ та қосылды. Енді триклозанды антисептикалық сабындарға қосуға болмайды, бірақ ол әлі де дезодорант, ауыз шаятын сұйықтық, қырынуға арналған крем мен тіс пасталарының құрамынан кездеседі.
Этаноламиндер (Ethanolamines)
Этаноламиндер көбіне тональді кремдердің, тушьтардың және тері күтіміне арналған кей құралдарға майғындағыш ретінде қолданылады. Олар косметикалық қолдануға қауіпсіз болып саналғанымен күшті аллерген. Сондықтан терісі сезімтал адамдар құрамында моноэтаноламин (MEA), диэтаноламин (DEA) немесе триэтаноламині (TEA) бар құралдардан аулақ болғаны жөн.