- Негізгі бет
- Сымбат
- Косметика құралдарына екінші...
Косметика құралдарына екінші өмір сыйлайық
Әр аруға оның күнделікті қолданатын косметика құралдары ерекше қымбат. Уақыт өте косметикамыздың құртылуы, таусылуы біздің көңілімізді қалдырады. Бірақ сүйікті далап не көз бояуыңыздың ғұмырын ұзарту сіздің қолыңызда. Ол үшін біздің кеңестерімізбен таныс болыңыз.
Далаптың әу баста үшкір болған басы уақыт өте ерніңіз әсерінен ойыс болып қалуы мүмкін. Тәжірибеден қорықпайтын болсаңыз, далапты ыстық фенмен жылытыңыз. Далап пластилин сынды иілгіш болады. Далапқа қажетті дұрыс пішін беріп, оны бір сағатқа тоңазытқышқа салып қойыңыз.
Ал сүйікті түсті далабыңыз аяқталып жатып, оны қолдануға мүлдем мүмкіндік болмаса, оның көмегімен өзіңізге жаңа далап жасаңыз. Қандай да бір таза ыдысқа (мысалы, бітіп қалған кремнің ыдысына) далаптың қалдығын салып, оны фен көмегімен жібітіңіз. Үстінен ерінге арналған басқа далап не түссіз жылтыр қосып жаңа далап жасай аласыз.
Қабақ бояулары, опа не бронзатор сынды косметикалық құралдардың өмірін ұзарту үшін сізге полиэтилен, 70 пайыздық спирт және қасық қажет. Бояу не опаны полиэтиленге (қарапайым пакетке) салып, талқандаңыз. Целофанды алып, пайда болған ұнтаққа 10 тамшы спирт қосып, араластырыңыз, оған қасықпен пішін беріңіз. Кепкеннен кейін косметикалық құралыңыз жаңарып қалады.
Бұл мақсатта спирт орнына дәріханаларда сатылатын арнайы косметикаға араналған антисептик қолдануға болады.
Дәл осы тәсілді қолданып, қатып қалған ескі опа, қабақ бояуын талқандап, ұнтақ бояу жасауға болады. Мұндай бояу жұмсағырақ жағылып, табиғи көрінеді.
Кірпік бояйтын тушь та тез кеуіп кететін қасиеті бар. Жаңасын аламын дегенше, ескі тушь ыдысына бірнеше тамшы көзге арналған дәрілік тамшы не көз терісінен макияж кетіретін сұйықтық құрал тамызыңыз.
Әрине, бұл кеңестердің барлығы косметикалық құралдардың өмірін кішкенеге ғана ұзартады. Арасында арнайы дүкенге барып, косметикаңызды жаңартып тұрған жөн.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: lionesswomansclub.com
С. А