- Негізгі бет
- Сымбат
- Көктемдегі бет күтімі...
Көктемдегі бет күтімі
Көктем мезгілі де келді. Ал көктем мезгілінде күннің шуақ шашып тұрғаны бәріне де ұнайды. Алайда ультракүлгін сәулелер теріге айтарлықтай зиян келтіреді. Көктемде күн сәулесін артық қабылдау көп жағдайда теріні күйдіріп, құрғатып, оның қартаюына, тіпті теріде ісіктің пайда болуына әкеліп соқтырады. Осы секілді жағымсыздықтарды болдырмау үшін сыртқа шығар алдында міндетті түрде күннен қорғайтын крем жағыңыз.
Күннен қорғайтын крем таңдау барысында оның әсеріне мән беріңіз. Мәселен, пигментті дақтарға бейім емес тері иелеріне қорғаныс қабілеті төмен не орташа деңгейлі SPF 15-30 крем жағуына болады. Ал терісінде секпіл, пигментті дақтар тез пайда болатындар үшін тиісінше қорғаныс қабілеті жоғары (SPF 50 одан да жоғары) крем қажет.
Күз, қыс айларында қолданған майлы қоректендіргіш кремдерді құрылымы жеңіл ылғалдандырғыш кремге алмастырыңыз. Сонымен қатар, дәрігер рұқсат берсе, А және Е дәрумендерінен 1 курс қабылдау тері үшін пайдалы және қыс мезгіліне қарағанда көктемде бетке масканы жиірек жасау қажет.
Аралас және майлы тері иелерінің терісі көктемде ерекше жылтырап, терідегі ұсақ тесіктер айқын білінеді. Алайда бұл теріге ылғалдандыру қажет емес деген сөз емес. Күтім жасайтын құралдарыңыздың қатарынан құрамында спирті бар тониктер мен майлы кремдерді, сабын мен теріні қабыршақтандыратын заттарды алып тастаңыз. Майлы теріге жылтырауға қарсы әсері бар рең беретін крем мен опа жаққан дұрыс. Мұндай құралдар теріге керемет тегістік беріп, кемшіліктерді жасырады.
Құрғақ тері көктемде көмескі, күңгірт тартып, одан әрі құрғап, қолайсыздықты қатты сезінеді. Мұндай жайсыздықтан бетке арналған күтім ғана емес, көп мөлшерде ішілген су, табиғи жеміс пен көкөніс шырындары да құтқарады. Сонымен қатар рең беретін крем, гельді құрылымды жеңіл түріне ауыстырыңыз. Макияж астына сапалы ылғалдандырғыш крем жағыңыз. Крем жаққаннан кейін уақытқа аса мұқият болу қажет. Мәселен, ылғалдандыратын кремді жаққан соң 10-15 минут, рең беретін кремнен соң 20 минут өткен кейін ғана сыртқа шығуға болады.
Майлы теріге рең беретін кремді спонжбен жаққан ыңғайлы болса, құрғақ теріге саусаққа киілетін жастықшалармен жаққан жөн. Бет терісіне сапасыз және жарамдылық мерзімі өтіп кеткен опа жағу зиян. Қазіргі таңда заманауи, бағалы сәндік косметикаларды тері түрлерінің ерекшеліктеріне сәйкестендіріп, пайдалы элементтермен байытып жасап шығарып жатыр.
Француз косметолгтары көшеге макияжсыз шықпауға, әр мезгілдің өзіне сай, тері типіне сәйкес келетін сәндік косметикалық құралдарды ғана пайдалануға кеңес береді. Есіңізде болсын, көктемгі макияжда ашық рең мен қанық түстерге орын жоқ. Себебі, бұл мезгілде терідегі кез келген нәрсе айқын, ашық болып көрінеді.
Күнге күйген теріні ағартуда ең белсенді табиғи өнімдер:
Лимон шырыны, ақжелкен сөлі, қиярдан, сәбіз шырынынан, лимон қосылған жұмыртқаның ақуызынан жасалатын маскалар.
Н. Үсенова