Қысқы суық пен желден кейін тері қосымша күтімді қажет етеді. Теріңізде бөртпе немесе безеу пайда болғанын, құрғақтанғанын немесе майлы бола түскенін байқаған шығарсыз. Мұндай мерзімдік проблемаларды қалай шешуге болады? Қайнаған сумен немесе мұз бөлігімен жуыныңыз. Көктемде құбырдан келген сумен жуынбаған жөн, себебі ол қиналып жүрген теріге агрессивті әсер етеді. Сондықтан қайнап, суытылған сумен жуынуға тырысыңыз. Шөптер тұнбасымен жуынсаңыз тіптен жақсы болады. Майлы теріге мұз бөліктерімен жуыну жақсы әсерін береді. Бұл кезде де шөптер тұнбасын мұз қатыратын ыдысқа құйып мұздатқышқа салып қоюға болады. Мұндай жуыну түрі бет терісіндегі ұсақ тесіктерді тарылтады және май бездерінің жұмысын ретке келтіреді. Тамақтану үлесіңізді дәрумендермен толықтырыңыз. Дәрумендерге және микроэлементтерге бай тағамдарды көбірек жеңіз. Майлы және тұзды тамақты азайтыңыз. Бет терісінің жағдайын және түсін қоректендіруші маскалармен жақсартыңыз. Көктемде бет терісі температура өзгерісінен және күн сәулесінің әсерінен сезімтал бола түседі. Сондықтан аптасына 1-2 рет қоректендіруші маска жасап тұрыңыз. Бет терісін тазартыңыз. Ұйықтар алдында макияжды арнайы тоникпен немесе мицеллярлы сумен сүртуді ұмытпаңыз. Құрамында спирті бар лосьондардан бас тартыңыз, олар теріні құрғатады. Бет терісін тазартқан соң, міндетті түрде ылғалдандырушы крем жағыңыз. Тексерілген косметика қолданыңыз. Жаңадан шыққан косметикалық құралдарды тері реакциясын тексере отырып, біртіндеп енгізіңіз. Күн сәулесі белсенді бола түсетіндіктен, көктемгі косметиканың күннен қорғайтын болуын қадағалаңыз.