Адам көркі - шүберек. Сіздің әдемі көрінуіңіз ең алдымен киген киіміңізге байланысты.
Дегенмен, адам ең бірінші өзінің талғамына сүйенуі керек. Кейде шкафтың есігін ашып қалсаң, үстіңе ілетін бір дені дұрыс киім таппай әбігерге түсесің. Бұндай жағдай барынша жиі болады. Шалбарлар толып жатыр, ал мына жейдемен сәйкес келетін ешқайсысы жоқ!..
Сондықтан, ең алдымен жүрегіңіз қалаған стильді анықтап алыңыз! Әр түрлі жерлерге киіп баратын киімдеріңізді жұбымен алғаныңыз жөн.
Тізім жасаңыз. Алдымен өзіңіз қызығатын киімдердің тізімін жасап алыңыз, сосын өзіңізде бар киімдерді қайтадан қарап шығыңыз. Қолыңыздағы тізімге сүйене отырып, қай киімді қалдырып, қай киімді лақтырып тастау керектігін анықтаңыз. 1-2 жыл бойы киген киіміңізді ойланбастан лақтыруға болады.
Киімнің қымбатынан бұрын, өзіңізге үйлесетінін таңдаңыз.
Киімнің түсін жыл мезгіліне сәйкестендіріп алғаныңыз жөн. Басты қағидасы түстердің өзара сәйкес келуі.
Тағы бір қатаң қағида: бір нарядта үш түстен артық түс болмағаны жөн. Ал егер киіміңіз алабажақ не әртүрлі түстен болса, онда аксессуарыңыз бір ғана түстен болсын.
Киімді мүсініңізге сай таңдағаныңыз дұрыс. Мүсіні әдемі адамдарды көргенде, еріксіз күрсініп, "Шіркін, менің де мүсінім осындай болса ғой!.." деп армандаумен шектелеміз. Бар мәселе мүсін мінсіздігінде емес, бар мүсініңізді пайдалана алуыңызда.
Өз мүсініңіздің кемшілігін жасырып, әдемі жерлерін тани біліңіз. Көлденең сызық адамды толық қылып, ал тіке сызық ұзартып көрсетеді. Қара түсті киім толықтықты жасырады.
Аяқ киімге көп нәрсе байланысты. Қазақта "Дос басқа, дұшпан аяққа қарайды" деген сөз бар. Аяқ киіміңіздің таза әрі сәнге сай болғанын қадағалаңыз...
Киімнің көмегімен адам өзінің көңіл-күйі мен денсаулығын бақылай алады екен. Өз-өзіңізге сенімді жүруіңіз үшін киімді дұрыс таңдай біліңіз!
сурет: stilnos.com