- Негізгі бет
- Сымбат
- Кешке «бір нәрсе»...
Кешке «бір нәрсе» жегің келетін әдетті қоя алмай жүрсең...
Кеш болса қайта-қайта тоңазытқышты ашып, әсіресе салқын мезгілде бір нәрсе жегіміз келе береді. Мұндай сәтте өзімізді бақылауда ұстай алмай, көп жеп қоюымыз да ғажап емес. Ал кешкілік асқазан да демалады, тамақты қорыту қиындай түседі. Сондықтан бұл әдетпен күресу керек.
Тоңазытқыш есігіне сымбатты қыздардың суретін іліп, әртүрлі жігер беретін сөздер жазып қойыңыз. Мүмкін, осыны көргенде тәбетіңіз сәл басылар. Инстаграмнан мүсінінде мін жоқ қыздардың суретін көріңіз. «Ондай болмақ қайда» демей, сонда сіз де мүсініңізді қалыпты ұстауға талпынасыз.
Тағамдық құндылығы көп тәттілер, пісірмелер секілді тағамдарды тоңазытқышта сақтамаңыз, тіпті сатып алмаңыз. Тәттіге құмарлығыңыз басылмай бара жатса, зефир, мармелад не кепкен жемістер (мейіз, өрік) жесеңіз болады.
Айналысар тірлігіңіз болсын – үй жинаңыз, кітап оқыңыз, пайдалы видеолар көріңіз. Миыңызды алдап, тамақ туралы ойламауға тырысыңыз.
Кешкі асқа тойымды әрі құндылығы аз тағам тұтыныңыз. Ол балық не тауық еті болуы мүмкін. Мұның барлығы қан құрамындағы инсулинді қалыпты ұстауға көмектеседі. Тоқтық сезімі болғанда басқа жейтін ештеңе іздемеуіңіз керек.
Тоңазытқыштағы дәмді тағам көзіңіздің жауын алып тұрса, мұны таңертең жеймін деп өзіңізге уәде беріңіз. Сонда таңда ерте тұруыңызға да себеп табылады. Кешке қарағанда, таңғы ас сіңімді болмақ.
Тісіңізді жуыңыз. Осылай ойды алдап, көндіруге болады. Ол мұны «бүгінге осы жеткілікті, ұйықтайтын мезгіл болды» деп қабылдайды.
Жиі-жиі су ішіңіз. Асқазанды да осылай алдауға болады, сонда араныңыз ашылмайды.
Осы айтылғандарды психологиядағы 21 күн ережесіне сәйкестендіріңіз, яғни тоқтатпай орындап жүріңіз. Арада белгілі уақыт өткенде қалай әдетке айналып кеткенін де білмей қаласыз.
@. @assel_assanova