- Негізгі бет
- Сымбат
- Қайызғақтан құтылу үшін......
Қайызғақтан құтылу үшін...
Қайызғақ – эстетикалық ғана емес, сонымен қатар медициналық мәселе. Ереже бойынша, теріден ақ қабыршақтардың бөлініп шығуы қышу, тез майлану немесе тері құрғақтығы, кейде тіпті шаш түсу секілді жағымсыз белгілермен қатар жүреді.
Қайызғақ пайда болуының негізгі себептері:
- Жеке гигиена ережелерінің бұзылуы;
- Күтім құралдарын дұрыс таңдамау;
- Күйзеліс;
- Толыққанды тамақтанбау;
- Баяу метаболизм;
- Ағзаға дәрумен жетіспеушілігі;
- Асқорыту жүйесінің ауруы;
- Гормонды фонның бұзылуы;
- Зиянды әдеттер;
- Қызып кету немесе салқын тию;
- Ағзаның сусыздануы.
Емді бастамас бұрын қандай құрал болмасын бір күнде көмек бермейтінін түсіну керек. Бұл мәселеден құтылу үшін 1-2 апта бойы бас терісіне уақытылы күтім жасау керек болады. Қайызғақтан арылуға көмектесетін 5 халықтық құралды ұсынамыз.
Сірке суы. Алма сірке суы – саңырауқұлаққа қарсы жақсы құрал. Сонымен қатар қышқыл орта қышуды басады. Ол үшін саусақтарыңызды әлсін-әлсін сірке суы құйылған кесеге батырып, бас терісін 5 минут бойы массаж жасай уқалаңыз. Басыңызды сүлгімен орап, жылытып қойыңыз. 40 минут өткен соң сульфатсыз сусабынмен жуып тастаңыз.
Шай ағашы эфир майы. Шай ағашы майы – табиғи антисептик. Оны 2 апта қолданғаннан кейін қайызғақ мөлшері азая түседі. Ал 1 ай бойы уақытылы қолдансаңыз, бұл мәселеден толықтай құтыласыз. Ол үшін 1 ас қасық табиғи негізде жасалған сусабынға 10 тамшы шай ағашы эфир майын тамызыңыз. Сол сусабынмен басыңызды көпіртіп, 20 минуттай ұстаңыз. Содан соң шашыңызды шайып тастаңыз.
Ас содасы. Ас содасы антибактериялық қасиетке ие. Ол терідегі өлген жасушалар мен қайызғақ бөліктерін кетіруге көмектеседі. Ол үшін пластикалық ыдысқа 1 ас қасық ас сода мен 3 ас қасық сульфатсыз сусабынды араластырыңыз. Шашыңызды сулап, осы қоспамен көпіртіп жуып, 3-5 минуттық массаж жасаңыз. Содан соң сумен шайып тастаңыз.
Қарамайлы сабын. Қайың қарамайы – сұлулар бұрыннан тері мәселелерімен күресуде қолданған табиғи құрал. Қарамайлы сабынды арасында бас жууға қолдану арқылы қайызғақтан құтылуға және бас терісіндегі бөртпеден немесе асқынбаған жаралардан құтылуға болады. Оны екі апта қолдану керек, содан соң екі апта демалу керек. Қарамайлы сабынмен шашыңызды көпіртіп, сумен шайып тастайсыз.
Аспирин. Аспирин медицинада ғана емес, косметологияда да жиі қолданылады. Қымбат емес бұл дәрілер тері мәселелерінен және қайызғақтан арылуға көмектеседі. Аспириннің 2 таблеткасын ұнтақтап, 3 ас қасық сульфатсыз сусабынмен араластырыңыз. Осы қоспамен ылғал шашыңызды көпіртіп, 10 минутқа қалдырыңыз. Содан соң сумен шайып тастаңыз. Аспиринді өте жұқа шаштарға қолдану ұсынылмайды: ол әлсіз шашты құрғатып жіберуі мүмкін.
Қайызғақты халықтық құралдармен емдеу жақсы нәтижелер береді, бірақ бұл проблеманың қайта келмеуіне кепіл жоқ. Қайтадан қайызғақ пайда болмас үшін мына 6 кеңеске құлақ түріңіз:
1. Айран және йогурт ішіңіз. Сүт қышқылды өнімдерді күнде ішу пайдалы бактериялардың түзілуіне ықпал етеді. Олар қайызғақтың пайда болуына қарсы тұрады.
2. Диета ұстаңыз. Созылмалы қайызғақпен қиналатын адамдарға майлы, ащы және тәтті тағамдарды көп жеуге болмайды. Тамақтану үлесінің негізін балық пен еттің майсыз түрлері, балғын жемістер мен көкөністер құрау керек.
3. Шашыңызды жоғары температуралардан қорғаңыз. Шаш түзегіштен бас тартыңыз. Басыңызды өте ыстық сумен жумаңыз.
4. Шаш үлгісіне арналған құралдардан бас тартыңыз. Шашқа арналған лак, көбік және гельдерді жиі қолдану бас терісі тесіктерінің бітелуіне әкеледі. Ал ол өз кезегінде қайызғақтың пайда болуына ықпал етеді.
5. Басыңызға массаж жасаңыз. Бұл процедура қан айналымды іске қосып, терінің тазалануына ықпал етеді.
6. Басқа адамның тарағын қолданбаңыз. Онда саңырауқұлақ өмір сүруі әбден мүмкін.
А. Жапатова