Таңертең ұйқыдан тұрғанда бетіңіз бен көзіңіздің ісіп тұрғанын байқасаңыз, уайымдамаңыз, оны артық ақша жұмсамай кетіруге көмектесетін маскаларды ұсынамыз. Картоп маскасы Шикі картопты үккіштен өткізіп, аздап сығыңыз. Оны теріге қойып, 20 минут ұстаңыз. Масканы алғанда нәтиже бірден көрінбеуі мүмкін. Алайда шамамен бір сағаттан соң ісінудің кеткенін байқайсыз. Картоптан жасалатын тағы бір маска бар. Ол уақытыңызды алғанымен, тиімдірек болып келеді. Картопты суға пісіріп, қабығын тазалап, пюре етіп езіңіз. Егер теріңіз майлы болса, пюре дайындауда қарапайым су қолданыңыз. Егер теріңіз құрғақ болса, пюре дайындау кезінде зәйтүн немесе басқа өсімдік майын қолданыңыз. Пюре жайлы температураға дейін суығанда, оны бет терісіне жағыңыз. Масканы 30 минут ұстап, ылғал дәкемен сүртіп тастаңыз. Қияр маскасы Қиярды үккіштен өткізіп, оны тоңазытқышта салқындап тұрған қаймақпен 1:1 пропорцияда араластырыңыз. Масканы бет терісіне жағып, 30 минутқа қойыңыз. Тұзды маска Бұл маскаға теңіз тұзы болғаны жақсы, алайда қарапайым тұз да жарай береді. 1 стақан суға 1 ас қасық тұз ерітіңіз. Барлық тұз кристалдары ерігеніне көз жеткізген соң, оған түкті сүлгіні сулап, бетке қойыңыз. 20 минуттан соң жылы сумен бетіңізді жуып, міндетті түрде ылғалдандырғыш крем жағыңыз.