Заманауи қыздардың көпшілігі қасты жіппен жұлуды біле бермейді. Мұндай әдіс Шығыс мемлекеттерінде кеңінен тараған. Әйел адамдар өзінің киіміне, тұлғасына және бетіне көп мән береді. Соның ішінде, бет күтімі кезінде уақытылы қас жұлуымызға тура келеді. Төменде қасымызды ретке келтіруге көмектесетін жаңа әдіспен танысамыз.
Бұл әдіспен қас жұлу үшін айна, шамамен жарты метр қарапайым жіп, тоник, спирт ерітіндісі және мақта қажет. Процедураны орындамас бұрын тониктің көмегімен теріні тазартып дайындаңыз. Қасыңызды маңдайға қарай тараңыз. Егер бұл прцедураны алғаш рет жасап отырсаңыз, алдымен бояудың көмегімен қастың қажет пішінін сызып алыңыз.
Жіптің екі ұшын бір-біріне байлаңыз. Оны әр қолыңыздың екі саусағына кигізіңіз. Бір қолыңызды екінші қолыңыздан жіп керілгенше тартып ұстаңыз. Қолыңызбен 3-5 айналым жасап, жіпті бұраңыз. Сізде құмсағат секілді шығуы керек, тек ол қырынан жатады. Жіпті бас бармақпен және сұқ саусақпен ұстаған жөн. Саусақтарыңызды кезекпен қозғалтуға тырысыңыз. Бір қолыңыздағы саусақтарыңыз әр жаққа, ал екінші қолыңыздағы саусақтарыңыңыз бір жаққа қозғалуы тиіс.
Әрине, алғашқы процедурада ойдағыдай жылдам жұлынбауы мүмкін. Бірақ жаттықсаңыз, қасыңызды жылдам әрі оңай жұлатын боласыз. Қасты жұлу үшін жіптің айналған ортасын теріге жақындатып, саусақтарыңызды қозғалтуыңыз керек. Қасыңызды жұлып болған соң спирт ерітіндісімен сүртіп шығыңыз. Мұндай процедураны суға түсіп болған соң жасаған дұрыс, себебі ол кезде тері буға жұмсарып, тесіктер барынша ашылып тұрады. Сондықтан қас жұлған кезде ауырмайтын болады.