Қас сұлулығын сақтау үшін...

Қас сұлулығын сақтау үшін...
Фото: unsplash.com

Жас ұлғая келе қас та өзгеріске ұшырайды. Сіз оның жұқарып, түсі сәл ағарып, төмен қарай салбырай бастағанын байқауыңыз мүмкін. Неліктен қастың жас ерекшелігіне байланысты өзгеруіне тап боламыз және оның сұлулығын сақтау үшін не істеу керек?

Қас жас ерекшелігіне байланысты мына өзгерістерге жиі ұшырайды:

Жұқару
Қастың жас ұлғая келе жұқаруы қалыпты құбылыс. Уақыт өте тері иілгіштігін жоғалтады, нәтижесінде шаш түйіндері сынғыш болып, шаштар түсе бастайды. Ал кей шаш түйіншелері шаш шығаруға қабілетсіз болып қалады, соның себебінен қас бірыңғай емес көрінеді.

Қас қоректік заттардың жетіспеуінен немесе олардың дұрыс сіңбеуінен жұқаруы мүмкін. Қас қалыңдығын сақтау үшін мырыш, ақуыз, темір және дәрумендердің деңгейін бақылау маңызды.

Қастың қалыңдығына дұрыс емес күтім әсер етуі мүмкін. Мысалы, қасты жұла беру немесе құрамында зиянды компоненттері бар бояулар қолдану.

Етеккір үзілісі де қастың азаюына әкелуі мүмкін. Оған гормондар деңгейінің өзгерісі кінәлі.

Түссіздену және ағару
Жас ұлғая келе қасыңыздың түсі бұрынғыдан ашық бола түсуі немесе ағаруы мүмкін. Оған себеп — тері өңдеп шығаратын меланин пигментінің азаюы. Сондай-ақ қастың ағаруына D дәруменінің жетіспеуі ықпал етеді. Ол меланиннің химиялық заттарын теңдестіру үшін қажет. Жас ұлғая қастың ағаруына біздің генетика да жауап береді.

Пішінінің өзгеруі
Жас ұлғая келе кеңсіріктегі шаштардың бір бөлігі түсіп қалады да, визуалды түрде қас бір-бірінен алшақтап кеткендей көрінеді. Оған қоса, терінің өзгерісінен және әжімдердің пайда болуынан қастың бұрыштары түсіп кетеді.

Қастың жас ерекшелігіне байланысты өзгерістерімен қалай күресеміз?

Қас саулығы мен сұлулығын ұзаққа дейін сақтау үшін төмендегі ұсыныстарға көз жүгіртіңіз.

Өзгерістің себебін анықтаңыз
Қас тек жас ерекшелігіне байланысты өзгермейді. Оның себебі кей аурулар да болуы мүмкін. Сондықтан егер қасыңыз сиректеліп кетсе, ағарса немесе пішінін өзгертсе оның себебін анықтау маңызды. Мысалы, ошақтық алопеция, қоректік заттардың жетіспеушілігі, қалқанша без гормондарының жетіспеуі қас сапасына әсер етеді. Дәрігерге қаралып, себебін қаншалықты ерте анықтасаңыз, қасты қалпына келтіру соншалықты оңай болады.

Қасты дұрыс жұлыңыз
Бұл процедура шаш түйіншелерін зақымдауы мүмкін, нәтижесінде ол қастың жұқаруына әкеледі. Қас жұлу кезінде ең кең тараған қателікке шашты дұрыс емес бағытта жұлу жатады. Оны шаштың өсу бағытына қарай жұлу керек. Сол кезде шашты терімен байланыстыратын кішкентай қан тамырларды зақымдап алмайсыз. Егер мүмкіндік болса, бұл процедурадан мүлдем бас тартқан жөн немесе кәсіби қас жұлушыға барған дұрыс.

Қауіпсіз бояу қолданыңыз
Қазір көпшілік әйел қасты бояйды. Оған зиян келтірмес үшін қауіпсіз бояу қоладанған жөн. Қасты шашқа арналған бояумен бояп жіберудің мүлдем қажеті жоқ. Себебі шашқа арналған бояудың құрамында агрессивті заттар бар. Бұл заттар қасты сиректетіп жібереді. Сондықтан арнайы қасқа арналған бояуды қолданыңыз. Оны қасқа жағарда алдымен аллергиялық реакцияға тексеріп алыңыз.

Дұрыс тамақтаныңыз
Қас саулығын сақтау үшін тамақтану рационына С және Е дәруменіне бай өнімдерді қосу керек. Сондай-ақ ақуыз, темір, мырышқа бай азық-түлікке мән беріңіз. Ағзада сусыздану орын алмас үшін жеткілікті мөлшерде су ішуді ұмытпаңыз. Егер маңызды заттарды тамақтан ала алмасаңыз, дәрігермен ақылдасып, дәрумендік қосымшалар ішуді қолға алған дұрыс.

Қасқа арналған косметиканы сирек қолданыңыз
Қазір бьюти-нарықта қасқа арналған косметика жетерлік. Әсіресе, қастың түсуін байқап жүрсеңіз, оларды сирек қолданыңыз. Қастың косметика құрамындағы зиянды заттармен байланысуын барынша болдырмаған жөн. Егер косметикадан бас тарта алмасаңыз, ең болмағанда тек бір құралмен шектеліңіз. Мысалы: қасқа арналған қарындаш.

Теріні ылғалдандырыңыз
Егер тері құрғақ болса, қас зақымдалуы мүмкін. Сондықтан теріні ылғалдандыруға аса мән беру керек. Теріге қоректік майлар және А, Е, С дәрумендеріне бай құралдар жағыңыз.

А. Жапатова