- Негізгі бет
- Сымбат
- Қас жұлу ...
Қас жұлу
Дұрыс жасалған қас пішіні кемшіліктерді жасырып, келбетіңізді одан әрі жайната түседі. Ол үшін бірнеше ережені ғана білсеңіз болғаны.
Көп ару косметолог мамандарға жүгінбей-ақ, өздері қастарын жұлып, пішінін келтіреді. Қателік жіберіп қоймау үшін мына ережелерді білгеніңіз абзал.
1-ереже: Қасты жұлумен әуестенбеңіз. Тым жіңішке қас қазір сәнде емес, сонымен қатар әдемі көрінбейді де.
2-ереже: Басы қалың, ұштары тым жіңішке, биік пішінді қас жасамаңыз. Бұл жасанды көрінеді.
3-ереже: Қасты қырмаңыз, ұстараны мүлдем қолданбаңыз. Бір қате қимыл нәтижесінде қастарыңызды тым көп қырып алуыңыз мүмкін. Ондай жағдайда, қастың қайта өскенін күтіп, тездету үшін арнайы косметикалық майларды қолданасыз.
Қасты дұрыс қылып алу үшін сізге кішкентай тарақша (таза тушь жаққышын алуға болады), маникюр қайшысы, пинцет, айна қажет.
- Қас жұлудың алдында бет терісін бумен жұмсартқан дұрыс.
- Қасты тарақшамен тарап, көзбен пішінін елестетіңіз.
- Артық, қастан жоғары шығып тұрған шаштардың ұштарын маникюр қайшысымен алыңыз.
- Пинцет көмегімен артық болып көрініп тұрған шаштарды жұлып алыңыз. Бір жұлғанда 2 шашты алуға тырысыңыз.
- Қысқа, жұлынбайтын шаштарды тез қимылмен алуға болады.
- Екі қастын бірдей болғанын қадағалаңыз.
Егер қастың пішінін келтіре алмасаңыз, бір рет сұлулық салонына барып, қас пішінін кәсіпкер косметологтан жасатып алыңыз, келесіде тек сол пішінді жөндеп отырасыз.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: liveinternet.ru
С. А