Неліктен кей адамдар 80 жаста да жақсы көрінеді, ал басқалары 60 жастың өзінде емханалардан шықпайды. Әрине, генетика мен өмір сүру салты біраз нәрсені шешеді. Бірақ оған әсер ететін басқа да факторлар бар. Солардың бірі — дәрумендер. Бірақ оларды денсаулық эликсирі деп ойлау қате. Дегенмен олар жалпы денсаулықты және хал-жағдайды жақсарта алады. Қартаю процесін бәсеңдету үшін рационға мына 3 дәруменді қосыңыз.
С дәрумені
С дәрумені жайлы естімеген адам жоқ шығар. Ол жасушалар қартаюын баяулататын, бос радикалдарды бейтараптандыратын күшті антиоксидант болып келеді. Сондай-ақ С дәрумені тамырлар мен күретамырларды тазартуға ықпал етіп, қан тамырлар жүйесін сауықтырады. С дәрумені коллаген түзілуіне ықпал етеді. Сондықтан ол әжімдермен күресіп, теріні серпімді етеді.
Дәрумендерді табиғи жолмен алу үшін рационға түзетулер енгізіңіз. С дәрумені көпшілік ойлайтындай цитрустыларда емес, болгар бұрышы, қызыл бұрыш және жебірде (тимьян) көп. Тәулігіне осы өнімдердің бірінің 35 грамын жеу жеткілікті.
Е дәрумені
Е дәрумені — жасушаларды бос радикалдардан қорғайтын күшті антиоксидант. Е дәрумені қанайналымды ынталандырады және ұйыған қан түзілуінің алдын алады, қан қысымын ретке келтіреді, иммунитетті жақсартады. Е дәрумені когнитивті функциялардың төмендеуімен күреседі. Бұл қартаюмен күресуде өте маңызды. Ол бадам жаңғағында, шемешкіде және паприкада мол. Күніне бұл өнімдердің бірінің 70 грамын жеу жеткілікті.
А дәрумені
А дәрумені жасушалардың өсуі және қалпына келуі үшін маңызды. Ол сүйектерді қатайтады және көз саулығына пайдалы. А дәруменнің тері үшін маңызы зор. А дәрумені коллаген түзілуіне ықпал етеді, сондықтан да ерте әжімдер шығуын болдырмайды. Ағзаны А дәруменімен қамтамасыз ету үшін күніне 30 г батат (тәтті картоп) немесе 7 г бауыр жеңіз.