Біле білгенге жастықтың өзі — сұлу
"Біле білгенге жастықтың өзі — сұлу... Француз қыздарының өздерін әлемдегі ең әдемі адамдай сезінетіні содан. Олар 5-10 жылдан кейін қазіргі барына да зар болатынын жақсы біледі. Аналары қыздарына мұндай кеңестер беруден жалыққан емес. Париждік қыздар бәрінен бұрын өз maman-дарын (французша "мама") стиль иконасына балайды. Кеңестерін санасына тоқып өседі. Менің шешем де күтінбеген теріні қандай қымбат көйлек те жасыра алмайтынын жиі айтатын. Бала кезімнен соған еліктеп теріге қажет түрлі крем, күтіну өнімдеріне әуес боп өстім. Бұл біздің қанымызда. Біздің мәдениет сондай",- дейді Каролин.
Қыз балалар өсіп келе жатқанда балғын жеміс-жидек жеуге, көп су ішуге, сондай-ақ, жаяу серуендеуге дағдыланады. Француз қыздары басқалар секілді спорт залға күнде бармаса да, дене-бітімінің мінсіздігімен танымал. Бұған себеп — жаяу жүру. "Мен кездесуге машинамен шыққанның өзінде көлігімді діттеген жерімнен алысқа тастаймын да, 20 минуттай серуендеп барамын. Мұның тағы бір артықшылығы көңіл-күйіңді қалыпқа келтіретін қасиетінде. Ал, өз-өзін жақсы сезіну — сұлулықтың басты кепілі", - дейді де Мегрэ.