Әдемі белдемшелер мен жеңіл көйлектерді капрон колготкисіз кие алмайтын мезгіл жетті. Аяққа өзгеше өң беріп тұратын бұл киім түрі өте ыңғайлы. Бірақ жарамдылық мерзімі тым қысқа. Жаңадан сатып алған капрон кимей жатып сетінеп кетуі мүмкін. Ал күн сайын капрон сатып алуды қалтамыз көтермеуі мүмкін. Орташа бағасы, шамамен, бір күндік түскі астың бағасымен тең. Бұл мәселені қалай шешеміз?
Капрон сетінеп кетпесін десеңіз, жаңадан сатып алған кезде 20 сантиметр қашықтықтан шашқа арналған лак шашыңыз. Кепті-ау деген сәтте алаңсыз кие берсеңіз болады.
Жаңа капронды бірден мұздатқышқа салып, қатырып алғаннан кейін кисе де, біраз уақытқа шыдайды.
Капрон кигенде тырнағыңыз алулы не маникюріңіз мұқият жасалғанына мән беріңіз. Тырнақ іліп кетпейтіндей болсын. Аяқ тырнағына пластырь жапсыруға болады.
Халық аузында капронды теріс жағына айналдырып кигенде ұзақ уақытқа сақталады деген сөз бар. Бұл жайтты да сынақтан өткізіп көруге болады.
Капронның тез сетінеуіне тағы бір себеп – өлшемі кішкене, аяққа тар болуы. Өз өлшеміңізден бір өлшем артық капрон таңдап көріңіз.
Ал егер көзге аса көрінбейтін, еленбейтін жері сәл сетінеп кетсе, ол жерге бірден тырнаққа арналған лак жағыңыз. Лактың түссіз не ашық, аса білінбейтін түсін таңдаңыз. Бұл капрон ары қарай сетінеуінің алдын алады.
Ал сіздер бір капронды ұзақ уақыт кию үшін қандай әдіс-тәсілдер қолданасыздар, қыздар?