Қандай тушь қолданасыз?

Қандай тушь қолданасыз?

Ұзын әдемі кірпіктерді армандамайтын қыз, бәлкім, туғанынан сондай кірпіктердің иегері. Мұндай бақытқа ие болмаған қыздарға тушь таңдау мен оны жағу ережелерін білген жөн.

Сіз тушыңыздан не қалайтыныңызды жақсы білесіз және сондай қасиеті бар тушьты іздеп дүкенге келесіз. Бірақ дәл сол кезде тушь жайлы көп нәрсе білмейтініңізді байқайсыз. Қайсын таңдау керек: ұзартатынын, қайыратынын, көлем беретінін, әлде бөлектейтінін бе? Бұған тағы суға төзімді үлгілерін қосыңыз. Олардың бір-бірінен қандай айырмашылығы бар? Бүгін осы сұрақтарды сараламақпыз.

Тушь жаққыш негізі екі түрлі болады. Түзу жаққышпен көз қиығындағы кірпіктерді бояған ыңғайлы. Ал имек жаққыштың ондай мүмкіндігі жоқ. Есесіне екіншісі кірпіктерді қайыра алатын қасиетке ие. Ұршық тәріздес жаққыш кірпіктерге көлем береді.

Ал тушьтің өзі кірпік күтіміне пайдалы балауыз бен протеиндерден тұрады. Бұған қоса, тушь құрамындағы дәрумендер мен қоректендіретін заттар кірпіктерді сыртқы әсерлерден қорғайды.

Косметикалық дүкендерде ұсынылған барлық тушь өнімдерін мынадай түрлерге бөлуге болады:

Ұзартатын тушь

Аты айтып тұрғандай ұзартатын тушьтар кірпіктерді ұзартып, көзқарасты айқындайды. Мұндай нәтиже тушьтың кірпіктерді түзейтін спираль тәріздес қылшықты жаққышы арқасында іске асады. Қазірде кірпіктерді тек ұзартып қоятын тушь табу қиын, бірақ дәл сондай тушь іздеп жүргендерге төмендегі үлгілерді ұсынуға болады:

- Lancome Definicil, көптеген сән журналдары косметологтарының көңілінен шыққан тушь;

- Inimitable Chanel, кірпіктерді ұзартып қана қоймай, көлемді ету үшін қылшықтарды бір-бірінен бөледі;

- MaxFactor Masterpiece, кірпіктерді сонымен қатар қайырады;

- Lancome Hypnose – әмбебап тушь десе де болады: ұзартады, көлем береді және тез кебеді.

Көлем беретін тушь

Қысқа қалың қылшықтарының арқасында көлем беретін тушь әрбір кірпікті бөлек-бөлек бояп, нәтижесінде кірпік қалың және бір-біріне жабыспайтын көлемді болады.

Мұндай ғажайыптың құпиясы – балауыз бен силикон полимерлерге бай формуласында, сондықтан мұндай тушь басқаларына қарағанда қою болады. Қалың кіріпктерді армандайтын қыздарға мына тушь үлгілерін ұсынамыз:

- Maybelline Volume Express – АҚШ-тағы нөмірі бірінші тушь және бұл бекер емес. Тушьтың қолжетімді бағасы да оның танымалдылығына көп септігін тигізуде;

- YSL – жабыстырылған кірпіктер әсерін беретін бұл тушь ТМД елдерінде кең танымал;

- Christian Dior Diorshow – тұтынушылар осы тушьтың тиімділігін жиі айтады.

Кірпік қайыратын тушь

Кірпіктің тік немесе қайырылып тұрғанына аса назар аудармайтындар көп болғанымен, қайырылған кірпіктер иесіне нәзіктік пен баптылық береді. Бүгінде тушьтардың көбі қайыратын, көлем беретін және ұзартатын барлық қасиеттерге ие:

- Triple Mascara, Covergirl – көлем беретін, кірпіктерді бір-бірінен бөлектейтін және қайыратын қасиетке ие оңтайлы бағадағы тушь;

- Sky High Curves, Maybelline – арнайы жаққышының арқасында кірпіктерді кем дегенде 30 градусқа қайырады. 

Ал сіз қандай тушь қолданасыз?

Сурет: www.bellasugar.com, www.modobzor.ru

Дайындаған: Диана Мамытбекова

Оқи отырыңыз:

Суға төзімді тушь жайлы не білу керек?

Тушь қолданудағы 5 қателік

Тушьты немен сұйылтуға болады?

Тушь құрғап қалса...

Төменгі кірпіктерге арналған тушь

Суға төзімді тушьті қолдану сырлары

Тушьтың алтын қағидалары


A. Mustafina