- Негізгі бет
- Сымбат
- Қандай киімдер арқаңызды...
Қандай киімдер арқаңызды ауыртады?
«Сұлулық құрбандықты талап етеді» деген түсініктің зиян екенін түсінетін уақыт жетті. Тренд қуамын деп жиі денсаулық жайлы ұмытамыз. Көпшілік дұрыс таңдалмаған киімдердің себебінен арқа проблемасымен қиналады. Кейбіреулері киімнің дене мүсініне және арқасына әсер ететінін білсе, басқалары, тіпті, байқамайды.
Кей киімдер зиян, себебі олар жамбас және тізе тұсындағы еркін қозғалысты шектейді, күретамырды қысады және қанайналымды баяулатады.
Мына киімдер арқаның ауыруына әкелуі мүмкін:
- Тар джинс шалбарлар;
- Бір иыққа асылатын өте үлкен сөмкелер;
- Үлкен капюшондары бар пальтолар;
- Тақасы биік туфлилер;
- Өкшесі жоқ аяқ киімдер (мысалы, мюли).
Бұл киімдерді мүлдем кимеуге шақырмаймыз, оларды киюде шаманы білу маңызды. Мысалы, аяққа жабысып тұратын скинни джинс шалбарын күнде киюдің қажеті жоқ. Сол секілді тақасы биік туфлиді арасында ғана киген жөн. Кеңсеге көп зат апаратын күні бір иыққа асатын үлкен сөмкенің орнына рюкзак тағып алыңыз.
Киімдерді өлшеміңізге сай немесе сәл бос етіп алыңыз. Жақын арада арықтау жоспарыңызда болса да, өзіңізге тар киім алмаңыз. Одан да арықтаған жағдайда жаңа джинс шалбарын сатып алған жақсы.
Өте үлкен қалпақтардан бас тартыңыз. Олар мойынға күш түсіреді. Егер күнде ұстайтын сөмкеңіз үлкен болса, басқасына ауыстырыңыз. Сөмке қаншалықты үлкен және ауыр болса, арқа мен мойынға соншалықты көп күш түседі. Қолтықтың астына қыстырып жүретін клатч секілді сөмкелерді күнде ұстамаңыз: бұл кезде бір иықты төмен түсіріп жүру керек болады.
Тақасы биік туфлилер омыртқаға түсетін жүктемені арттырады. Сондықтан жүктемені азайту үшін оны кроссовкамен кезектестіріп киген дұрыс.
А. Жапатова