Көшеден тізесін бүгіп, аяғын ауыр басып келе жатқан адамды көрген кезде денсаулығы дұрыс емес болар деп ойлаймыз. Адамның бұлшық еттері күнделікті жүрісіне үйреніп, артынша денесін дұрыс ұстауға тырысқан кезде жайсыздық сезімін тудырады.
Сәнбикелердің подиумда қалай жүретінін байқадыңыз ба? Әрбір қимылы сүйкімді көрінеді. Адым жасаған кезде аяғын жамбас бөлігінен бастап қозғайтын болғандықтан, алшақ қадамдар жасайды. Алайда көп қыз сәнбике болуды армандамайды, бар болғаны әдемі жүрісті үйренуге талпынады.
Ең алдымен, дененің барлық бұлшық етін қалпына келтіру керек. Дұрыс жүруді бірнеше күннің ішінде айнаға қарап үйреніп аламын деген ойыңыз болмасын. Оғаш көрінсе де, әдемі жүріске қатысты көмекті фитнес кеңесшімізден сұрағанымыз дұрыс. Ол өз кезегінде сіздің денеңіздің ерекшеліктеріне байланысты жаттығуларды ойластырады.
Ал фитнеске, йогаға, дефилеге жазылмас бұрын денсаулығыңызға жауап беретін дәрігерге қаралыңыз. Мұнымен қатар SPA салонға, уқалаушыға барған абзал.
Әдемі жүріс аяқ, іш, арқа бұлшық еттерімен тікелей байланысты. Ал оның барлығын саналы түрде бақылау мүмкін емес. Бұл жерде тек күш салатын жаттығулар көмектесе алады. Көпшілік әдемі жүрісті тек аяғы ұзын қыздар ғана үйрене алады деп ойлайды. Мүмкін бұл сәнбикелікке тек бойы ұзын қыздарды алатындығымен байланысты болар.
Мамандар адам аяғының төрт түрлі болатындығын айтады: ұзын жіңішке, қысқа толық, О секілді, Х секілді. Алғашқы екі аяқ түрі үшін күнделікті жаттығулар жеткілікті. Ал соңғы екеуі ерекше тәсілді талап етеді.
Кейбір бұлшық ет гипертонус, ал енді бірі – гипотонус жағдайында болуы мүмкін. Сондықтан бұлшық еттің қаншалықты жаттығу жасай алатындығын мамандар ғана анықтауы тиіс.
Егер жыл бойы фитнеске баруға қаражатыңыз жетпесе, барлық жаттығудың дұрыс жасалуын үйреніп алып, үйде қайталауыңызға болады. Әдетте үйдегі жаттығулар мини-штангі, гантельдердің көмегімен жүзеге асады.
Сән саласында жүрген мамандар осы күндері жүрістің екі түрі бар екенін айтады. Олар – классикалық және француз дефилесі. Классикалық жүрісте бір сызықтың бойымен жүргендей болады. Ал француз жүрісінде аяқ х әрпі тәрізді қиғашталады. Бар ауырлық белге түсетіндіктен, жүрісті үйренуді бастамас бұрын оны қыздырып алған жөн. Ал биік өкшелі аяқ киіммен жүру шамамен 1 сағат уақыттан аспауы тиіс.
Бір орында әдемі тұру да оңай шаруы емес. Жүріс – ұзақ уақыт бойы жатталатын әдет.
Әдемі жүрісті үйренуге арналған жаттығулар:
1. Сегіздік. Бұл - ең қарапайым жаттығу. Көрнекілік үшін сегіз санын ақ қағазға сызыңыз. Жамбасыңызды осы сегіздікке сәйкес жылжытуға тырысыңыз. Аяғыңызды барынша тік ұстап осы қимылдың амплитудасын көбейте түсіңіз. Осы жаттығуды жасау барысында иық қозғалмауы тиіс. Артынша дәл осы сегіздікті әуенмен тербеліп жүріп орындауға тырысыңыз.
2. Шпагат. Бұл – жамбастың ішкі бөлігін созуға көмектесетін жаттығу. Алайда ерекше икемділігіңіз болмаса, оны жасаудың қажеті жоқ. Еденге қарай еңкейіп, қолыңызды аяғыңыздың ұшына 15-20 минут тигізіп тұрудан бастаңыз.
Кез келген созылу әдемі жүрісті қалыптастырудың негізі болып табылатынын ұмытпаңыз.
Дайындаған: Томирис Сағындық
Сурет: Іңкәр Әбдіраштың жеке парақшасынан, rumbur.ru