Жазғы beauty құралдар

Жазғы beauty құралдар

Жазбен бірге келген қапырық, ыстық ауа-райы бізге тек гардеробқа ғана емес, макияжға да өзгерістер жасауға итермелейді. Қыста қолданған қара бояуларды жарқын түстерге, ауыр, қою текстуралы косметиканы жеңіл түріне ауыстырайық. Жазғы beauty құралдармен танысып отырайық.  

Тері                       

Майлы, текстурасы қою реңк беруші кремді жаз кезінде алмастырған дұрыс. Суық кезде ол барлық кемшіліктерді жасырып, беттің терісін түзулетсе, жазда ол тура бір маска сынды көрінеді. Сондай-ақ ол бет терісіне дем алуға бермей, терінің майлылығын арттырады. Нәтижесінде безеулер мен майлы жылтыр пайда болады.   

Одан да реңк беру әсері бар жеңіл ылғалдандыратын крем таңдаңыз. Ол теріні тегістеп, түсін біркелкі қылады. Әрине оның SPF-көрсеткіші болуы керек. 

Еңлік          

Опа еңліктердің орнына ыстық маусымда крем тектес еңлік алыңыз. Опа еңліктер ыстықта теріге жаман жатып, нашар жағылады. Ал крем тектес еңліктер оңай жағылып, беттің табиғи шырайы сынды көрінеді. Оны сатып аларда барынша табиғи түстерді таңдаңыз.      

Тырнақ    

Қара, қара-көк сияқты күңгірт лактарды жазда ғана еш ұялмастан жағуға болатын жарқын түсті лактарға алмастырыңыз. Көзге түсетін бояу түстері көңіліңізді көтеріп, көпшіліктің арасынан ерекшелейді.   

Ерін                             

Қалың жағылатын күңгірт түсті далаптарды күзге дейін сөреге салып қойыңыз. Одан да жеңіл текстуралы, жарқын жеміс-жидек түсті ерінге арналған жылтыр не бальзам қолданыңыз. Құлпынай, таңқурай, шие түстері жазда ерінде өте "тәтті" көрінеді.   

Парфюм               

Өте тәтті, тым ауыр иістер жазға сай емес. Ыстық кезде жеңіл сергітетін парфюмды таңдаңыз. Цитрус, жеміс-жидек, теңіз сергектігі бар иістерге көңіл бөліңіз.          

Көз             

Дәстүрлі болған қара-қоңыр түстерді осы жазда қолданбаңыз. Олар келбетіңізге мұңдылық беріп, ыстық ауа-райы әсерінен ағып, жағылып кетуі мүмкін. Оның орнына жылтыр, ашық түсті қабақ бояуларын алыңыз. Үйреншікті smokey eyes-ті күңгірт емес, алтын, алқызыл, сарылау түстерден жасап көріңіз.   

Осы жаздағы келбетіңіз барынша табиғи болсын!  

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: badfon.ru

С. А