- Негізгі бет
- Сымбат
- Жазға сусабын таңдау...
Жазға сусабын таңдау
Жазда шашыңыз қосымша күтім мен қоректі қажет етеді. Күн сәулесі, ыстық ауа-райы шашты құрғатып жіберуі мүмкін. Біздің кеңестерімізге сүйеніп, шашыңызға арнайы күтім көрсетіңіз.
Бір жағынан қарағанда, шаштың жағдайы жазда керісінше жақсаруы керек. Қыстағы суық жоқ, бас киім де кию міндетті емес. Бірақ жазда қапырық, ыстық ауа-райы, құрғақ ауа, күн сәулелерінің белсенділігі шашты, бас терісін құрғатып, не керісінше тым майлы қылады. Сол себепті жаз мезгілінде шашты күтуде кейбір сырларды біліп жүрген жөн. Құрамында осындай пайдалы заттар бар сусабын алып көріңіз.
Жібек протеины
Жібек протеины – шашты тамырынан ұшына дейін ылғалдандырып, қоректендіретін табиғи ақуыз. Ол шашты мықты қылып, оған беріктік сезімін қайтарады. Жұқа, сынғыш шаштың құрамын қалпына келтіреді. Боялған, химиялық бұйралаудан кейінгі зақымданған шашты емдей алады. Жібек протеины жұқа, қалың, ұзын, қысқа, майлы шаштың бәріне бірдей пайдалы. Ол жақсы көлем беріп, шашты жылтырата түседі.
Көкнәр экстракты
Көкнәр экстракты бас терісін тыныштандырып, жұмсартады. Бас терісінің қан айналымын жақсартады, ылғалдандырады.
Кокос сүті
Кокос сүті тым құрғаған шашқа жақсы, ол бас терісін пайдалы заттармен қоректендіреді. "Шөлдеген" шашқа пайдалы болады.
Балқарағай жаңғағының майы
Балқарағай жаңғағының майы С, B1, B2, A, E, P дәрумендеріне бай, сонымен қатар оның құрамында майлы қышқылдар жетерлік.
Алоэ вера
Алоэ вера – шаш саулығына пайдалы заттардың қайнар көзі. Алоэ вераның жапырақтарының ішінде 75 пайдалы элемент бар екен. Оның қатарында түрлі ферменттер, минералдар, моно және полисахаридтер бар.
Сондай-ақ Е, F және В5 дәрумендері, бета-каротин бар сусабындар таңдаған жөн. Олар шашты қорғап, ылғалдандырып, қажетінше қоректендіреді. Шаштың саулығын қадағалап, сізді шашы ұзын, күтімді аруға айналдырады.
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: liberty-salon.ru
С. А