Аяқ күтімі қыздардың нәзіктігін көрсетеді. Әсіресе, жаз уақытында ашық аяқ киім киіп жүретіндіктен, аяқ күтімді болғаны жақсы. Ол көп күш қажет етпейді немесе сән салондарына барып, арнайы күтім жасаудың да қажеті жоқ. Үйде отырып-ақ аяғыңызға күтім жасай аласыз.
Шұлық. Жаз мезгілінде көпшілігіміз шұлық кие алмаймыз. Негізінде, шұлықты тоңбау үшін емес, зиянды заттардан қорғау үшін киген дұрыс. Жұқа шұлықтар өкшенің бүлінуінен, табанға үшкір нәрсенің кіруінен қорғайды.
Ванна. Кішкентай табақшаға жылы су құйып, оған сәл-пәл теңіз тұзын қосыңыз. Аяғыңызды малып біраз отырыңыз. Егер су суып бара жатса, аз-кем ыстық су құйып қойыңыз. Егер өкшеңіз нәзік болса, табан қыратын құралдармен қинаудың қажеті жоқ. Сабынмен жайлап ысып жуған абзал. Тағы бір әдісі: жылы суға жалбыз немесе қалақай жапырақтарын қосып жууға болады.
Педикюрге арналған шұлық. Арнайы құраммен дайындалған шұлықты киіп алып, шамамен бір сағат күтесіз. Кейін аяқта қалған ерітіндіні жылы сумен шайып тастайсыз. Біраз күннен кейін нәтижесі біліне бастайды. Аяқ терісінің өлі терілері алынып, өкшенің де әдемілігі сақталады.
Скраб. Скраб өкшенің ұзақ уақыт бойы жақсы қалпын сақтауға көмектеседі. Сатылымдағы аяққа арналған скрабтар көбіне үмітті ақтамайды. Одан да өз қолыңызбен жасап көріңіз. Ол үшін сізге теңіз тұзы мен ұсақталған кофе және өсімдік майы қажет. Екі ас қасық теңіз тұзын немесе кофені бес ас қасық өсімдік майымен араластырсаңыз, скраб дайын. Егер аяғыңыз терлей беретін болса немесе жағымсыз иіс шығатын болса, эфир майына жалбыз, лимон немезе розмарин, самырсын жапырақтарын қосып, аяғыңызға жағыңыз. Соңғы қоспа көпке дейін сақталмауы мүмкін, сондықтан аяқты жуған сайын шағын етіп жасап тұрған артық етпейді.
Нәрлендіру. Аяққа арналған крем ешқашан артық еткен емес, жаз болсын, қыс болсын, әр уақытта жаға беруге болады. Аяқты жуып болған соң, кептіріп, крем жағып қойыңыз. Құрамына ментол не жалбыз қосылған крем аяқтың шаршағанын басады.