Бүгінгі таңда жалған әтірді сатушы көп, оны алушы да көбейді. Көбіне біз иіссуды таңдағанда оның шын не өтірік екенін ажырата алмай, сан соғып қалып жатамыз. Жалған әтір мен шын әтірдің айырмашылықтары қандай?
1. Қорабы. Жалған әтірдің қорабы тегіс желімденбейді. Сыртына қарап, ішін тануға болады. Егер сырты алба-жұлба болса, күдікті көрінсе, ол – жалған әтір.
2. Штрих-код. Қораптағы штрих-код әтір шығарылған елдің штрих-кодымен сәйкес келуі керек. Франция иіссуын Францияда шығаратынын біліп жүріңіз. Егер сатушы "бұл Қытайда шығарылған француз әтірі" десе, күмәнданыңыз.
3. Серия нөмірі. Шын әтірдің құтысында мөлдір жапсырма болады, ол жақта серия нөмірі жазылады. Нөмір брендке байланысты бірнеше әріп пен саннан тұруы мүмкін. Осы нөмірді қораптағы нөмірмен салыстырыңыз, екеуі бірдей болуы керек.
4. Шын әтірдің екі қорабы болады. Біріншісі – сыртқы, екіншісі – ішкі қорап. Ішкі қорап құтыдағы әтірдің қауіпсіздігі үшін шығарылған. Егер құтыны сілкіп көргенде ішкі қорғаныш қорабы жоқ сияқты көрінсе, бұл – фейк әтір.
5. Өндіруші ел. Шын әтірдің сыртында «Made in France» немесе «Made in Italy» деген жазу кішкентай әріптермен жазылады. Егер бұндай жазу жоқ болса, әтіріңіз шын емес.
6. Әтірдің сыртын, ішін түгел оқыңыз. Шын әтірдің сыртында иіссудың шыққан күні, жарамдылық мерзімі, құрамы туралы ақпарат жазылады. Ал жалған әтірде бұндай ақпарат болмайды.
7. Бағасы. Шын әтірдің бағасы өз құнынан 2-3 есе төмендемейді. Егер дүкенде сондай жеңілдік жүріп жатса, оған да күмәнмен қарағаныңыз дұрыс. Өйткені кейбір дүкендер шын әтірдің орнына жалған әтір сатуы да мүмкін.