- Негізгі бет
- Сымбат
- Иланг-иланг эфир майының...
Иланг-иланг эфир майының пайдасы
Көктем келді дегенше, қыз-келіншектердің өзіне деген күтімі күшейеді. Қысы бойы бас киім астында жүрген шаштарын қырқып, оны бояп өзінше бір өзгерісті жандары қалайды. Тіпті косметикалық жинақтарын түрлі пайдалы иісмайлармен де толықтырады. Соның бірі иланг-иланг (кананга) эмир майы жөнінде сөз қозғаймыз.
Иланг-иланг эфир майы Еуропа елдерінде ХІХ ғасырдан бері қолданылып келеді. Бастапқыда оны тек шаш күтімінде ғана пайдаланса, келе-келе емдік қасиеттері ашылып, бүгінде аталған май кең қолданысқа ие. Бұл майды мәңгі жасыл хош иісті, бұтақтары «жылауық» тропикалық ағаш «кананганың» ақ немесе сары түсті гүлдерінен алады.
Бұл май бірнеше сұрыптан тұрады. Оның «экстра» деп аталатын сұрпы – ароматерапияда қолдануға ең қолайлысы. Себебі майдың қаныққан, тәтті гүлдерге тән хош иісі болады және реңі ағаш сүректі, шырайлы болып келеді.
Иланг-иланг эфир майының пайдалы тұстары:
• Майдың маңызды терапиялық қасиеттерінің бірі – жоғары қан қысымын, әсіресе жүрек қағысы жиілеуін баяулата отырып түсіре алады;
• Күйзеліспен күресуге күш береді. Мазасыздық, қорқыныш, уайымды тежеп, сананы тынықтырып, ағзаға тыныштық сыйлайды. Жүйке жүйесіне жағымды әсер береді;
• Көңілге жайлылық орнатып, көңіл-күйді көтереді, жабырқаңқы ойлардан арылтады;
• Антисептикалық әсері бар;
• Шаштың түбін берік етіп, тез өсуіне ықпал жасайды және шаштың сынғыштығымен, түсуімен күреседі;
• Тырнақты қатайтып, құрғауының, сынғыштығының, қатпарлануының алдын алады;
• Барлық тері түрлеріне жағымды әсер етеді. Тітіркенгіштікті жойып, құрғақ теріні ылғалдандырады, майлы терідегі май бездерінің жұмысын реттейді, терінің серпімділігін арттырып, жасартады.
Есіңізде болсын!
Иланг-иланг эфир майын өте аз мөлшерде және аз уақыт аралығында ғана пайдалану керек. Көп мөлшердегі әрі ұзақ уақытқа созылған майдың әсері бас ауруына, жүрек айнуына себепші болады. Майдың иісінің өткірлігін бәсеңдету үшін оны басқа да эфир майларымен, мәселен, лимон, бергамот, мандарин, жалбыз секілді эфир майларымен араластырып пайдалануға болады.
Қолдану мөлшері:
• Хош иісті шырақ үшін майдың 1-2 тамшысы жетіп жатыр;
• Бұлау қабылдау үшін 3 тамшы жеткілікті. Алайда оны табиғи негізде (кілегей, бал, сүт, т.б.) алдын ала ерітіп алған дұрыс;
• Массаж жасау үшін негізгі майдың 15 миллилитріне 5-7 тамшы иланг-иланг тамызады;
• Косметикалық құралдардың сапасын жақсарту үшін негіздің (крем, сусабын, маска, т.с.с.) 10мл –не 3 тамшы иланг-иланг майын тамызу жеткілікті.
Қолдану әдістері
1. Майлы бет терісіне пилинг жасау үшін: 1 шай қасық теңіз тұзын өсімдік майымен немесе жүзім сүйегі майымен араластырады. Одан соң оған 1 тамшы иланг-иланг майын тамызады да, бет терісін қоспамен 1-2 минут ұқыптылықпен ысқылайды.
2. Бет терісін жасартатын маска үшін қажеттілері: 1 ас қасық зәйтүн немесе шабдалы майы, 1 шай қасық бал, 1 ас қасық қаймақ және осы мөлшерде сұлы ұны. Барлығын араластырып, үстіне 3 тамшы иланг-иланг майын тамызады. Қоспаны бет терісіне қалың етіп жағып, 20 минут ұстайды. Масканы жылы сумен жуып-шаяды. Бұл маска беттегі ұсақ әжімдерді тегістейді және құрғақ бет терісін нәрлендіріп, өң береді.
3. Шаштың сынғыштығы мен өңсізденуінің алдын алу үшін: шашты жуарда сусабынға иланг-иланг майынан 3 тамшы тамызады. Емдік шараны аптасына 2 рет жасайды. Шамадан артық қолдану аллергиялық әсер тудыруы мүмкін.
Н. Үсенова