Хайлайтер құралын бет әрлеушілер «құтқарушы таяқша» деп атайды. Бұл құрал бет әлпетін өзгертпейді және тері кемшілігін толықтай кетірмейді. Оның басты мақсаты бет сүйегін аздап айқындау және теріні балғын етіп көрсету. Бетті хайлайтер көмегімен түзету (коррекция) технологиясы стробинг деп аталады. Хайлайтерді қалай таңдау керек және оны қалай дұрыс қолдану керек, алдымен осыған тоқталайық.
Хайлайтердің құрамына мына ингредиенттер кіреді:
- минералды слюда (терінің ерте қартаюымен күреседі және теріні жылтыратады);
- мырыш оксиді (теріні микро қабықшамен қаптайды және ылғалдың буланып кетуіне кедергі болады);
- опа;
- косметикалық пигмент.
Хайлайтерді сатып аларда оның текстурасына, түсіне және брендіне мән беру қажет. Осы үш негізгі параметрін жеке қарастырайық.
Хайлайтер түрлері
Сұйық хайлайтер. Ол ұқыпты жағуды талап етеді. Көп жағдайда ерін сызықтарын айқындауға және қас пішінін келтіруге қолданылады. Хайлайтердің бұл түрін қолдану ыңғайлы. Ол жаққышымен бірге сатылады.
Крем хайлайтер. Ол құрғақ тері типіне арналған. Хайлайтердің бұл түрі теріде ұзақ уақыт тұруымен ерекшеленеді.
Үгілмелі хайлайтер. Мұндай хайлайтерді қолдану өте жеңіл. Бет терісіне ғана емес, дене терісіне де қолдануға болады.
Қарындаш хайлайтер. Бұл хайлайтер түрімен көз бұрыштарын ағарту және қастың үстін сызу жеңілдей түседі.
Мини хайлайтер. Мұндай хайлайтерді әрқашан өзіңізбен бірге сөмкеде тасып жүру ыңғайлы. Сыртта жүргенде онымен макияжыңызды түзеп жіберуге болады. Мұндай хайлайтерде түрлі реңктер құрамдастырылып шығарылады.
Хайлайтер түсі
Хайлайтер түсін тері өңіне байланысты және қандай нәтижеге жеткіңіз келетіндігіне қарай таңдау керек. Хайлайтердің мынадай түстері болады:
Бейтарап түс– күндізгі макияжға қолданылады.
Шабдалы түс – сарғылт тартқан теріде жақсы көрінеді. Ол теріні жас әрі балғын етіп көрсетеді.
Алтын және қола түс – күнге күйген терімен керемет үйлеседі. Мұндай түсті хайлайтермен тері күтімді көрінеді.
Алқызыл және ақшыл көк түс – терісі қызарып тұратын бойжеткендерге арналған. Мұндай хайлайтер тері қызаруын басып, оған балғындық сыйлайды.
Хайлайтер брендіне келсек, осы уақытқа дейін қандай косметикалық брендті қолдайсыз, содан алғаныңыз жөн.
Хайлайтерді бет терісіне қалай дұрыс жағамыз?
Хайлайтерді таңдаған соң, оны дұрыс жағып үйрену керек. Хайлайтерді мына аймақтарға жағуға болады:
1. Маңдайдың орта және бүйір жағы – қастың үстіңгі жағын қоюландырады және бет пішінін түзетеді;
2. Қастың жоғарғы және төменгі жағы – қастың пішіні мен иілімін айқындайды және көз жақын орналасқан болса, ретейді;
3. Көздің ішкі бұрыштары – ісікті басып, көзқарасты ашық ете түседі;
4. Бет сүйегінің ең жоғарғы нүктесі – бет пішінін айқындайды;
5. Мұрынның үстіңгі жағы – мұрын сызығын анық етеді және мұрынды шағын етіп көрсетеді;
6. Жоғарғы еріннің ортасы және ерін сызығы – ерінге көлем береді;
7. Иек ортасы – бет пішінін ұзартады.