Фитнесте әйелдердің бірдей шартта әр түрлі нәтижеге жетуі бәрімізді ойландырады. Неліктен кей адамдар стандарттық бағдарламамен қатаң жүріп, диета сақтап лезде арықтайды, ал басқаларына ол үшін бірнеше жыл уақыт кетеді? Мұның сыры фитнес түрін дене пішініне қарай таңдауда жатыр.
Физикалық ауыртпалықты әр адамға жеке таңдау керек екені жаңалық емес. Әдетте жаттықтырушы әйел адамның салмағына, физикалық дайындығына және ауыр көтере алу деңгейіне мән береді. Соның себебінен бір топқа «бір салмақтағы» әйелдер жиналады.
Зерттеушілер бір топтағы әйелдерді бірдей уақытта арықтататын салмағы мен физикалық ауыртпалық деңгейінен басқа қандай ортақ критерий бар екені жөнінде ойланды. Ол критерий дене пішіні болды. Дене пішіні арнайы жаттығуларға негізделген, арықтауға арналған бағдарламалардың шешуші факторы саналады. Нақты дене пішінінің түріне арналған жаттығулар жалпы бағдарламаға қарағанда тиімді болары анық. Ол денедегі ақауларды жоюға көмектесіп, денені сымбатты, тартымды етуге ықпалын тигізеді.
Әйелдердің дене пішінін мынадай түрлерге бөлуге болады:
Құмсағат. Мұндай дене пішінді қыздарға жамбасқа күш түсетін физикалық ауыртпалықтардан аулақ болу қажет. Мысалы: степ-аэробика, вело-жаттығулар, жүгіру. Олар үшін ең жақсы спорт түрлеріне жүзу, стрип-пластика, калланетиканы жатқызуға болады. Себебі, мұндай спорт түрлерінде дененің жоғарғы және төменгі бөлігіне күш бірдей түседі. Құмсағат пішінді қыздарға дененің жоғарғы бөлігіне көп мән беру керек.
Үшбұрыш. Бұл типтің басты мақсаты кеуде мен жамбас арасында теңдік қалыптастыру. Ол үшін жамбасқа, бөксеге және балтырға арналған барлық жаттығуды жасауға болады. Жүру, жүгіру, секіру, вело-жаттығулар және жамбас пен бөксеге арналған күштік жаттығулармен айналысу керек. Белден жоғары ораналасқан бұлшық еттерге арналған жаттығуды алып тастаған жөн.
Тік төртбұрыш. Мұндай дене пішін түрін кең көйлектермен түзету жеңіл болғанымен, белді «шығарған» жөн. Белді нәзік, иілгішті ету үшін стретчингпен, пилатеспен, степ-аэробикамен айналысып, іштегі бұлшық етке пресс жасау қажет.
Трапеция. Бұл тип әдемі дене пішініне жатқанымен, сондай пішінді кей қыздар өзінің жіңішке белі және әлсіз иықтарымен салыстырғанда бөксесін үлкен көреді. Егер дене пішініңіз трапецияға жатса, дененің жоғарғы бөлігіндегі бұлшық еттерді қатайтатын, жамбас пен балдырды арықтатын жаттығулармен айналысыңыз. Мұндай екі түрлі жаттығу жасау дененің жоғарғы және төменгі жағын теңдікте ұстауға көмектеседі. Жүзу мен кеуде көтеру де артық болмайды. Вело-жаттығу мен жүгіретін жолда шынығумен айналыспаған дұрыс.