Көшірмені нағыз әтірден қалай ажыратуға болатынын білгіңіз келе ме? Оны еш сараптамасыз жасаудың бірнеше құпиясы бар. Біле жүріңіз.
Әркім нағыз әтірді себінгісі келеді. Ол жұпар иіс, сол иістің беріктігі мен денсаулығыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бірақ, өкінішке орай, парфюмерия саласындағы қолдан жасалған өнім қатары өте көп. Ал оларды екінің бірі ажырата бермейді.
Фирмалық әтірді жасанды көшірмесінен ажырату жолдары – қаптама
Алғашқы ереже бойынша, әтірдің түпнұсқасын таңдау үшін оның қаптамасына көз салыңыз. Сыртындағы целлофан оны тығыз қаптап тұру керек. Және маңыздысы, қаптама жанынан, қатырма қағазының оң және сол жағы бекітілген жерінен целлофан жұқа және түзу жапсырылуы қажет. Целлофанның қалыңдығына да назар аударыңыз – тым қалың болса, ойланатын жайт. Десе де, целлофансыз фирмалық қаптама да кездеседі, бірақ өте сирек.
Әтір сыртындағы картонның өзі де қатты болу керек, іші сұр реңсіз, міндетті түрде ақ болуын тексеріңіз. Фирмалық қораптарда ешқашан жапсырма болмайды, логотип картонның өзіне басылып шығарылады. Әтір салынған қорапты қолыңызға алып, сілкіп көріңіз. Нағыз парфюмерияның жасандыдан айырмашылығы: ол бекітілген тіреуішке тығыз орнатылады, сондақтан қораптағы шиша салдырламауы тиіс.
Заң талабына сай, Қазақстанға ресми жеткізілетін әтірлердің сыртында міндетті түрде қазақ тілінде жазылған затбелгі болуы тиіс. Онда өндіруші мекен-жайы, жарамдылық мерзімі және штрих-код жазылады.
Сонымен қатар, қораптарда «Париж-Лондон-Нью-Йорк» деген жазу жиі кездеседі. Брендте ешқашан мұндай жазу болмайды, бұл да жасанды әтір екендігін білдіреді.
Фирмалық әтірді жасанды көшірмесінен ажырату жолдары - шиша
Фирмалық әтірді таңдай білудің келесі тәсілдері парфюмерия құйылған шишаға қатысты.
Шишаның әйнегі еш өзгешеліксіз және ауа көпіршігінсіз болуы тиіс. Бүрікпенің қақпағы болу керек, ал астындағы металл жиегі бос айналып тұрмай, тығыз бекітілуі тиіс.
Фирмалық парфюмнің барлығының нөмірлік белгісі болады. Және ол жапсырылған затбелгі емес, шишаның астына әйнектің өзіне жазылады.
Мыналарға сенбеңіз
Фирмалық әтірді жасандыдан айыруға көмектесетін тағы бірнеше кеңес.
Егер сатушы шиша ішіндегі сұйықтық лицензия бойынша дайындалып, құйылды десе – ол өтірік. Француз әтірі Польша не Қытайда жасалуы мүмкін емес. Парфюмерлік брендтер өздері әлі шығарып жатқан өнімнің дайындау лицензиясын өзгеге бермейді.
Танымал ірі брендтер кішкентай пішінді шишаны сатылымға өте сирек шығарады. Сыйымдылығы 8, 9 және 15 мл қалам-спрейлерде фирмалық әтір болмайды, тек Сальвадор Дали бұл ережеге жатпайды.
Сурет: butik2.ru