Ешқашан сәннен шықпайтын маникюр түрлері

Сән әлеміндегі секілді бьюти-салада да, соның ішінде маникюрде өзінің өзгермейтін классикасы бар. Ешқашан сәннен шықпайтын маникюр дизайндарын ұсынамыз.

Нюд

Бұл нәзік және әмбебап маникюр түрі. Ол қолға әсемдік сыйлайды және кез келген киім үлгісіне және стильге келе береді. Нюдтің де әртүрлі реңктері бар, сондықтан өзіңізге ұнайтын және тері түсіңізге сәйкес келетін түрін таңдай аласыз.

Күңгірт (матовый) реңктер

Бұл жалтыр қаптамаға жақсы балама және ол өте стильді көрінеді. Мұндай маникюр қызықты және әсем көрінеді. Ол түс фактурасының арқасында қол нәзіктігін айқындайды. Басты мақсат — дәл сізге келетін реңкті таңдай білу.

Минимализм мен табиғилық

Табиғилық ешқашан ескірмейді. Минимализм орындаудың түрлі мүмкін нұсқаларын ұсынады: ол кішкентай гүлді элементі бар маникюр немесе бір тырнаққа ғана дизайн жасалған табиғи маникюр болуы мүмкін.

Классикалық маникюр

Қолға күтім әрқашан керек. Оның эстетикалық та, практикалық та мәні бар: қол терісі азырақ құрғайды, тырнақ қабатталмайды, тырнақтың еті көтерілмейді және т.б.