- Негізгі бет
- Сымбат
- Ерлер макияж туралы...
Ерлер макияж туралы не ойлайды?
Ер адамдар не ойласа да, макияжды ұнататын қыздар боянып-сылануын тоқтатпайтыны анық. Алайда ер адамдар әйел бетіндегі косметикаға қалай қарайды? Шағын сауалнама нәтижесімен бөлісеміз.
Тональді крем
Арғынбек, 21 жас: Жалпы мен бояу жағатын қыздарды ұната бермеймін... Жақса да білдіртпей, ұқыпты, келісті етіп бетке ағартқыш крем жағу керек. Тональді крем бетке тон сыйламайды, қайта тонна-тонна қабат қана қалдырады және тесіктерін бітейді. Сол үшін ұнамайды.
Арман, 30 жас: Қыздар беттеріне тональді крем жағу арқылы әдемі көрінгісі, теріні тегістегісі келетінін түсінуге болады. Бірақ, ол көпшілік ер азаматтарға ұнамайды деп ойлаймын. Жеке өзіме ұнамайды. Себебі, біріншіден, жейдеге жұғады. Екіншіден, ол бетте қабат бояу тұрғандай әсер береді. Сонымен қатар, ол теріні қартайтады деп естігенмін.
Медет, 25 жас: Егер аса білінбей тұрса, қыздардың тональді крем жаққанына қарсы емеспін. Көпшілік қыздардың бетінде қабаттанып және майланып көрініп тұрады. Сол ұнамайды.
Ақниет, 24 жас: Негізі қыздар жігіттерді жалғандыққа өздері үйретіп тастады. Егер олар ештеңе жақпай, боянбай жүрсе, жігіттер де жалған сұлулыққа алданбай, қыздардың табиғилығына тамсанып жүрер еді. Тональді кремге келсек, табиғи сұлулыққа ештеңе жетпейтінінен басқа ештеңе айта алмаймын.
Қас
Самат, 28 жас: Табиғи нәрсе әрдайым әдемі көрінеді. Қасты қалың етіп бояп қойса, ерсі көрінеді.
Шамшаддин, 29 жас: Қастың боялғаны мен боялмағанын онша ажырата бермеймін. Бірақ, кей қыздар өте қалың етіп бояп қойса, жасандылығы білініп тұрғандықтан ерсі көремін. Жалпы, табиғатынан әдемі қасы болса, боямақ түгілі тіптен жұлмаса екен деймін.
Әлібек, 21 жас: Қастың боялғанын немесе боялмағанын ажырата алмаймын.
Тушь пен тень
Самат, 28 жас: Тушь пен теньді бір-бірінен ажырата алмаймын. Бірақ, көзге не жақса да, аз мөлшерде болғаны ұнайды.
Медет, 25 жас: Тушь, тень дегендерді түсінбеймін. Көзін бояудың көмегімен аздап айқындап қойса, қарсы емеспін.
Әлібек, 21 жас: Көз бояғаны өзіне келісіп, жарасып тұрса, ұнайды. Ал оны косметиканың қай түрімен бояғанын ажырата алмаймын.
Арғынбек, 21 жас: Қазір қыздарға ерін далабын жаққан әдемі көрінеді. Ерні жарылып жүргеннен гөрі өз-өзіне «сенімділік» сыйлайтын түрлі түсті далаптар бар.
Арман, 30 жас: Қыздардың ерін далабын қолдануына қарсы емеспін.
Медет, 25 жас: Қыздардың ерін далабын жаққанын ұната бермеймін. Бірақ жарасатынына байланысты. Кей қыздарды ерін далабының түсі ашып тұрады, ал басқаларында бет түсі мен ерін түсі келіспей тұрады. Егер өзінің ерні әдемі болса, қолданбаған жөн деп ойлаймын.
Өсірілген кірпік (наращивание ресниц)
Ақниет, 24 жас: Жасанды кірпік бірден білінеді. Менің ойымша, табиғи сұлулыққа ештеңе жетпейді. Қазақ қыздарының қандары таза, сол себепті сұлулыққа тұнып тұр. Тек соны өздері түсініп, бағалай білсе екен деймін.
Самғат, 20 жас: Жасанды кірпікті бірден білемін. Ол өте ұзын әрі көлемді болып тұрады. Егер жарасса, қарсы емеспін. Бірақ жасанды кірпікпен бірге өз кірпіктері де түсіп, азаятынын естідім. Ол шындық болса, әрине, қарсымын.
Шағын сауалнамадан түсінетініміз – ер адамдар табиғилықты жақсы көреді. Өте қатты білініп тұрған жасандылықты ерсі санайды. Қазіргі сән әлеміне келсек те, әлем бет әрлеушілері табиғилыққа екпін қоюда. Мөлшермен жағылған және жарасып тұрған бояу арқылы ғана сұлулығыңызды айқындай алатыныңызды ескеріңіз.
А. Жапатова