Ер адам шұлығы

Ер адам шұлығы
Ер адамның сымбаты қандай шұлық кигеніне де байланысты. Сондықтан, еркектің шұлық таңдауға талғаммен қарағаны жөн. Әйтпесе, сіз біреудің есінде "сары шұлық киген қара бәтіңкелі жігіт" ретінде қалып қоюыңыз ғажап емес.
Ендеше, мына ережелер үнемі есіңізде жүрсін!
Бірінші ереже: шұлықтың түсі киген костюміңіздің түсіне сәйкес келіп, бәтіңкеңіздің түсінен сәл ашықтау болғаны жөн.  
Ақ түсті шұлықтар іскерлік кездесулер үшін жарамайды. Ақ шұлықты спорттық үлгіде киінгенде немесе демалысқа шыққанда киюге болады. 
Екінші ереже: шұлық қонышының ұзын болғаны жөн. Аяқтарыңызды айқастырып отырғанда, аяғыңыз шалбар ішінен жылт етіп көрініп қалмауы керек. 
Үшінші ереже: шұлықтың материалына назар салыңыз. Жібектен тігілген шұлықты тек қана фракпен (алдыңғы етегі жоқ, артқы етегі ұзын жырық еркек киімі) киеді. Шұлықтың резіңкесі аяқты қысатындай болмауы керек. Сапалы шұлықтардың резіңкелері аяқты қыспайды, сондықтан, бағасы қымбаттау болса да, сапалы шұлық сатып алғаныңыз жөн.


Шұлық зығырдан, мақтадан, жүннен және әр түрлі синтетикалық маталардан тігіледі. 
Зығырдан тігілген шұлық ылғалды жақсы сіңіреді және жууға оңай. Бұндай шұлықтардың басты кемшілігі - бағасы қымбат болады.
Мақтадан тігілген шұлық ылғалды жақсы сіңіріп, оңай жуылуымен қатар, аяққа жылу береді. Аяқ саусақтары мен табандары сырқырап ауыратын еркектер осы шұлықты аяқтарынан шешпеулері керек. Мақтадан тігілген шұлық сондай-ақ іскерлік кездесулерге киетін костюмдермен жақсы үйлеседі. Жүннен тігілген шұлықты көбіне қысқы мерзімде киеді. Бір жаманы бұндай шұлықтар ыстық температурада аяқты терлетіп, жағымсыз иістің шығуына әкеледі. 

Емдік қасиетке ие шұлықтар да бар. Олар қойдың, түйенің жүнінен тоқылады. Қазақтың түйенің, қойдың жүнін қасиетті деп санағаны да сондықтан. 

Синтетикалық материалдан тігілген шұлықтар көзге әдемі көрінгенімен, денсаулыққа зиян. Бұндай шұлықтар тез жуылып, тез кепкенімен, теріге кері әсерін тигізеді екен. 


Ер адамның шұлық таңдауына байланысты мынадай бір қызықты тұжырым бар:
-Қара түсті шұлықты оны бір айда бір рет жуатын еркектер киеді;
-Сұр немесе қызыл қоңыр шұлықты көбіне кертартпа мінезді еркектер киеді;
-Ақ шұлықты спортшылар мен бизнесмендер ұнатады;
-Ашық түсті шұлық сырттай сабырлы көрінгенімен, іштей кез келген нәрсеге баж ете қалатын сабырсыз еркектердің таңдауы;


Көктем жақындағанымен, аяз ызғары әлі де кете қоймады. Сондықтан, аяқтың жылылығы үшін шұлықты қабаттап киюдің айыбы жоқ. Дегенмен,оның да өзіндік ережесі бар екен: Алдымен жүннен тоқылған шұлық, содан кейін мақтадан тігілген шұлық, сосын барып капрон шұлық киген жөн. Жүн аяғымды қышытады дерсіз, бірақ, ол жылулықты жақсы сақтайды, ал мақтадан тігілгені аяққа массаж жасап, қанайналымды реттейді. Капрон шұлық аяқтың демалып тұруын қамтамасыз етеді. 

Енді "Шұлықты қалай жуған дұрыс?" деген сауалға келейік.  Синтетикадан тігілген шұлықтарды күн сайын сабынсыз жуып тұру керек. Табиғи материалдан тігілген шұлықтарды аптасына 2 рет жуса, жетеді. 

Сурет: livemaster.ru, js-company.ru, pervaya-cena.ru

Форумда ой өрбітейік


М. Оңғарова