Екінші иекті кетіру әдісі

Суретке түскенде екінші иектің шығып кеткенін байқап налып жататынмыз бар. Әттең, компьютерге салып оны да алып тастай салса ғой… Жоқ, бұл, әрине, арман… Бірақ, арманға қол жеткізуге де болады емес пе? Ол үшін оның қалай пайда болғанын анықтап, онымен күресу шараларын қолданып көрелік.

 Оның басты себептері: артық салмақ, жаман әдет, уақыт, анатомиялық ерекшеліктер.

Артық салмақ қай жерге барып орналасарын өзі біледі. Майды біреу ішіне, біреу бөксесіне жинап жатады, ал кейбіреулерде, тіптен, артық салмақ екінші иекке келіп тоқталады.  Артық салмағы жоқ арық келген аруларда да екінші иек мәселесі жиі орын алады. Оның себебі, жақ пен мойыннның анатомиялық ерекшеліктеріне байланысты екен. Жақ сүйек пен мойын арасындағы бұрыш қаншалықты жақын орналасса, соншалықты иек астынан екінші иек пайда болады. Жас мөлшері де үлкен рөлге ие. Отыз бес жастан кейін әйел адамның терісі икемділігін, жоғалтып, созыла бастайды. Яғни, екінші иек сіздегі артық салмақтың жоқтығы маңызды емес, терінің қартаюының салдарынан орын алатын дүние. Сонымен қатар, жаман әдеттер де екінші иектің шығуына алып келеді. Жатып алып кітап оқу, биік жастықта ұйықтау және басты төмен түсіріп отыру. Осының бәрінің салдарынан тері созыла бастайды да иектің астынан иек пайда болады.

 Бәрі де одан оңай және тез құтылудың тиімді жолын қарастырады. Ол үшін алдымен, арықтаған жөн. Ал егер, сізде анатомиялық ерекшелік немесе басқа да себептерден екінші иек кетпейтін болса, онда шаш үлгісіне үлкен мән беріңіз. Оның негұрлым қысқарақ болғаны дұрыс, ал опа қолданатын болсаңыз, мойныңызға жақпай, қоңырқай қылып қалдырғаныңыз жөн.

 Есіңізде болсын, екінші иекті жасыру үшін мойныңыздың ұзын көрсеткеніңіз жөн. Сондықтан, мойны жабық жемпірлерден, ұзын сырға мен салбыраған алқалардан бас тарту керек.

Ал иекті қалыпқа келтіру үшін мынандай жаттығулар көмектеседі: 

Күнде он бес минут бойы «и, у» дыбыстарын мейлінше қатты дауыстауға тырысыңыз; Иегіңізді кеудеңізге тақап, сосын бірден басыңызды артқа алып кетіңіз; Қолыңызбен иек астынан ұстап, жоғары қарай итеріңіз. Ал иекті керісінше түсіруге тырысыңыз; Қолыңызды мойныңызға қойып, иегіңізді оңға бұрып, терең дем алыңыз. Енді сол жаққа қарап жаттығуды қайталаңыз.

 Қиын болса да, екінші иектен құтылуға болады. Ерінбей, еңбектенсеңіз, жемісін көресіз. Бастысы, жаттығуды аптасына екі-үш рет жасап тұрсаңыз өз нәтижесін береді. Іске сәт!

anabol.kz