Ежелгі сән әлеміндегі бояулар

Ежелгі сән әлеміндегі бояулар

Сұлулық үшін құрбандыққа барған халықтар мен әйгілі тұлғалар аз емес... Ерін далабы пайда болғанға дейін, қыз-келіншектер кошениль* атты пастаны қолданған. Бояу өзі жасалатын жәндіктің атымен аталады екен. Алғашқы далаптың өзін осы жәндіктен жасаған. Тағы  білгіңіз келе ме?

Қытай, жапон және вьетнам арулары ХХ ғасырдың ортасына дейін тісін қара түске бояған екен. Бұл бояу өте улы болғанына қарамастан, тісте бірнеше жыл бойы сақталған.

Қабаққа арналған бояу алғашында медициналық мақсатта пайда болды. Ежелгі Мысыр тұрғындары оны конъюнктивит пен басыр атты көз ауруларынан сақтану үшін қолданған екен.

Орта Азияда бірімен-бірі қосылған қалың қас сұлулықтың белгісі болған. Сондықтан жастайынан қыздар қастарын усьмамен біркелкі қылып қосатын. Усьманың шаш өсуіне көмектесе алатын қасиетін білгендер осылайша қастың қалың болып өсуіне әсер ететін.

Ежелгі Мысырда қыздар шашының арасына май тілімдерін салып жүрген екен. Неге дейсіз ғой? Ыстық күннің астында май еріп, шаш біркелкі жылтыр болатын. Бір уақыттан кейін, Мысырда тіпті тақыр басты әйелдер сәннің нышанына айналды.

Көпшілік викингтерді кір, лас халық деп ойлайды. Алайда викинг сәнқойлары ашыған майды шаш сәндеу сұйықтығы ретінде қолданып, жарқын түсті киімдер киіп, ерекше әшекей бұйымдарын тағып, әдемі ішіктерді киген екен.

XVIII ғасырда еуропалық сұлу қыздар қасын түгелімен қырып алып тастап, оның орнына тышқан терісінен жасалған жасанды қас жабыстырған екен.

I Елизаветта бетін сірке суымен сүртіп, қорғасын бояуын жағып, бетіндегі шешек ауруынан қалған дақтарды жасырған. Бетін шәлімен жауып, кәрілігін көрсеткісі келмеген екен.

Сұлулығына көп көңіл бөлетін қытайлық ер кісілер екен. Олар жасанды мұрт қойып, маңдайындағы шашын қырып, оны үлкен етіп көрсеткісі келген. Қытайлық жауынгер жігіттер қасына сүрме жағып, өз келбетіне қорқынышты көрініс бергісі келген деседі. 

_________________

*кошениль деген – мына жәндік

Г. Берік