- Негізгі бет
- Сымбат
- Дұрыс тамақтанудың алтын...
Дұрыс тамақтанудың алтын ережелері
Салмақ тастап, арықтап, өзін көрікті әрі сау сезіну – әр арудың арманы. Назарларыңызда тексерілген, ғылыми дәлелденген арықтау жолындағы дұрыс тамақтану жайлы кеңестер.
1. Кешкі 6-дан кейін тамақтанбаған дұрыс
Бұл ақиқат ешкімге де жаңалық емес, алайда біз оны қайталаудан шаршамаймыз. Диетолог мамандар бұл заңды арықтаудың алтын ережесі деп атайды. Ал жан мен тән гармониясына жетуді аңсайтын және салауатты өмір салтын ұстанатын йогтар тамақты тек күндіз жеу керек дейді. Кешкі тамақтан бас тарту, не оны ертерек ішу шынымен арықтауға көмектеседі, жалпы ағза саулығына пайдалы.
БІРАҚ қазіргі қарбалас заманда бұл ережені ұстану өте қиын. Көбіміздің басты тағамымыз кешкі ас болып табылады. Бұл ережені ұстанамын десеңіз, сіз толыққанды таңғы ас пен түскі ас ішуіңіз керек. Кешкі тамақ ішпей мүлдем аш қалмаңыз. Бұл ережені өзіңіздің ыңғайыңызға лайықтап, 6-ға дейін емес, жалпы ұйқыға 3-4 сағатқа дейін тамақтанып үлгеріңіз. Әрине күнделікті рационның жартысынан көп бөлігін күннің бірінші жартысында жеу керек, ал кешке жеңіл, майсыз тағамдарды таңдаңыз.
2. Грейзинг - бөлшектеп 5 рет тамақтану
Міне қызық: күнініе 1-2 рет қана тамақтанғанда сіз көбірек жейді екенсіз. Сондықтан грейзинг, яғни бөлшектеп тамақтану ережесін ұстанып, күніне бірнеше рет, араға 3 сағат салып тамақтанып көріңіз. Бұндай тамақтану режимі ағзаны сергітіп, күш жоғалтуға бермейді. Сондай-ақ жиі тамақтанған сайын, азырақ тағамға тоя бастайсыз. Әрине бұндай "диетаға" да үйрену керек. Таңғы ас пен кешкі асты үйде, түскі асты жұмыста жеп, екінші таңғы ас пен түстен кейінге тіскебасар ретінде жеміс, айран ұстап жүріңіз.
3. Ананас майға қарсы
Бұл керемет жемістің құрамында бромелайн атты фермент бар. Ол майлардың ажырап, бөлшектеніп кетуіне ықпал жасайды. Ол әсіресе ананастың қатты ортасында көп болады, сол себепті ананастың ортасын лақтырмай, жеп қойыңыз. Сондай-ақ бұл тропикалық жемісте клетчатка өте көп, ал ол өз кезегінде асқорытуға көмектесіп, зат алмасуды жақсартады.
БІРАҚ консервіленген ананас пен ананас шырыны жеміс сияқты әсер бермейді. Алайда кептірілген жеміс кесектері бұл жолда көмектесе алады.
4. Дәнді дақылдар
Рационыңызға өңделмеген дәнді дақылдарды қосу арқылы салмақты қадағалай аласыз. Ботқалар, астық дәндерінен нан, мюсли, қоңыр күріш сынды тағамдардың құрамында көптеген дәрумендер мен пайдалы заттар болады. Ағзаңыз осындай тамақ үшін сізге риза болып, іштің қабынуы, артық салмақ, тері кемшіліктері, асқорытудағы қиындықтардан аман қалады.
5. Су
Су аштық сезімін қадағалап, зат алмасуды ретке келтіреді. Қажетті мөлшерде су ішіп жүру арықтауға өз септігін тигізеді. Күніне 1,5 литр су ішу сіз үшін тұрақты ереже болсын. Бұл мөлшерге шай мен түрлі шырындарды қоспаңыз. Адамның денесінің 55-70 пайызы судан тұратынын есептесек, ол барлық алмасу, қышқылдану, термо реттеу және басқа да процестерге қатысады. Физикалық жаттығулар, ыстық кезде немесе ауырғанда адам ағзасына одан да көп су қажет.
6. Тамақтану күнделігін жүргізу
Кезінде медицинада ғана қолданылған бұл әдіс қазірде диетологтардың айтуынша, салмақ реттеудің бірден-бір жолы. Тамақтанған сайын күнделікке не және қандай мөлшерде жегеніңізді жазып отырыңыз. Бір аптадан кейін өзіңіздің рационыңызды түсініп, ол жерде не артық, не жетіспей тұрғанына объективті баға бере аласыз. Сондай-ақ түнгі 2-де торт, бәліш, не шоколад жегеніңіз жайлы күнделікке жазудан ұялып, өзіңізді ұстап қаларсыз.
7. Пайдалы емес жемістер
Жемістің бәрі бірдей пайдалы емес екен. Жеміс-жидектің құрамындағы қанттар дене бітіміңізге зиянын тигізбей қоймайды деп ойламаңыз. Мысалға, жүзім мен банан тәтті бәліш немесе тортпен пара-пар екен! Егер сіз арықтауды мақсат етсеңіз, қарбыз, грейпфрут, ананас, құлпынай, қара өрікті таңдағаныңыз жөн. Бұл жеміс-жидектер арықтауда пайдалы.
8. Асықпай шайнау
Жалпы тамақтануға көбірек уақыт бөліңіз. Миға тойғанымыз жайлы белгі жеткенше, біз тойып та, артық жеп те үлгереміз. Сондықтан барынша ақырын, асықпай тамақтаныңыз. Сондай-ақ тамақ жегенде теледидар қарау әдетінен арылыңыз. Ми фильмді түсінуден босамай, не, қандай мөлшерде жегеніңізді байқамайды. Артық жеп қоймау үшін асыңызды кішкентай тәрелкеге салып жеуге болады.
9. Жапон тамақтары
Жапон тағамдарының басты бөлігі күріш пен балықтан тұрады. Әрине күрішті өте жеңіл тағам деп атауға болмайды, алайда ол картоп пен макарондардан пайдалырақ екені түсінікті. Суши, сашими, роллдар ұзаққа тойған сезімді сақтап, зат алмасуға әсер етпей, асқазанда ауыр сезімді қалдырмайды. Қазірде суши сынды тағамдар бізде үлкен сұранысқа ие екені қуантады, алайда суши әзірлейтін мейрамханалардың арасынан ең кәсіби жерлерді таңдағаныңыз дұрыс. Балық пен теңіз өнімдерінің сапалылығы сіз үшін маңызды болуы керек. Сондай-ақ қарапайым жапондық кісі тамақтанғанда 5-6 суши жесе, біз аямай 10-15 талын жеп қоямыз.
10. Бөліп тамақтану
Бұндай тамақтану принципі шынымен арықтауға көмектесіп, жеңілдік сезімін береді. Бұл диета бойынша кейбір тағамдарды бірге жеуге мүлдем болмайды. Балық, құс етін жасыл көкөністермен, ірімшік және басқа да қышқыл сүтті өнімдермен және жемістер мен жаңғақтармен жеуге болады. Ал сүт, қант, кондитерлі және нан өнімдерін өзінен басқа ештеңемен жеуге болмайды. Қысқасы ақуыздар мен көмірсуларды бір уақытта қабылдауға болмайды. Бұның себебі мынада: олардың шығаратын ферменттері бір-бірімен кереғар реакцияға түсіп, пайдалы қасиеттерінен арылтып, бір уақытта қорытылуы қиын болады екен.
Арулар, ал сіз тамақтануда қандай ережелер қолданып, қандай диета ұстанасыздар?
Дайындаған: Сания Аринова
Сурет: mnogo-sovetov.ru
С. А