- Негізгі бет
- Сымбат
- Диетаның қызық түрлері...
Диетаның қызық түрлері
Денедегі артық салмақтан арылу оңай емес. Бірі арықтауға арналған жаттығулар жасаса, енді бірі диета ұстауды жөн көреді. Бұл материалымызда ұсынатын диета түрлерін осы күнге дейін естімеген болуыңыз мүмкін. Дәл қазір бастауыңызға болады. Ешқашан кеш емес!
Мұз диетасы
Бұл диета 6 аптаға дейін созылады. Осы уақыт аралығында 5-20 кг салмақтан арылуға болады. Ұстаған кезде ұйқы тыныш болып, қандағы қант мөлшері ретке келеді.
Буыны, тамағы ауыратын, аяғы ауыр әйелдерге ұстауға қатаң түрде тыйым салынады. Сонымен қатар алдын ала дәрігермен кеңесіп алған жөн.
Мұз диетасын ұлыбританиялық денсаулық сақтау саласының маманы Пета Бин ойлап тапқан. Ол осы туралы кітап та жазған. Спорт сүйер қауым оны жақсы таниды. Алайда Пета Биннен бұрын мұз диетасы тақырыбына Брайан Си Вайнер тоқталған болатын. Брайан Си Вайнер белгілі бір себептерге байланысты «Мұз диетасы» атты кітабын шығара алмай қалады. Оны Пета Би толықтырып, өңдеп шығарады. Ол екеуі де күнделікті бір литр мұздай су ішуге кеңес береді. Дәмі тәтті болуы үшін смузи қостырады. Дәрігердің айтуынша, асқазанға түскен мұзды еріту үшін ағза көп күш жұмсайды. Осының салдарынан ағзадағы май мөлшері азаяды.
Мұз диетасының басты 5 ережесі:
1. Қандай маусым болса да, жеңіл киім киіңіз. Үйде не жұмыста кондиционерді 18-20 градус суыққа қоюдан қорықпаңыз.
2. Салқындатылған бөлмеде ұйықтаңыз. Түнде терезе мен есікті ашып жатыңыз. Біздің ағзамыз 24-26 градус жылылыққа үйренген. Осы температурада ғана жүретіндіктен, ағзамыз артық күш жұмсап әуре болмайды.
3. Күн ыстық болса да, суық болса да, бөлмені салқындатып тұрыңыз. Бұл арықтауға көмектесіп қана қоймай, иммунитетіңізді күшейтеді.
4. Алғашында жылы сумен жуынып, артынша суық сумен шайыныңыз.
5. Таңертең жаяу жүруге дағдыланыңыз. Миыңыз сергіп қана қоймай, аяғыңыз шынығады.
Жұмыртқа диетасы
Ливерпуль ғалымдары жұмыртқаның артық салмақ қосуға әсер етпейтінін дәлелдеді. Тіпті, күніне екі жұмыртқадан жеу де қандағы холестериннің мөлшерін арттырмайды екен. Оның орнына, жұмыртқа артық салмақтан арылғысы келетіндер жеуге тиіс тағамдардың бірі екенін айтты.
Ливерпульде өткен тәжірибеге 450 адам қатысқан. Олардың жартысы 3 ай бойы калориясы аз тағамдармен тамақтанса, екінші жартысы да күн сайын тура сондай тағамдар жеп, тек тізіміне қосымша екі жұмыртқа қосқан.
Үш айлық тәжірибенің нәтижесінде екі топтың көрсеткішінде ешқандай айырмашылық шықпаған. Барлығы 3,5-4,5 келіден салмақ тастаған. Сонымен қатар тәжірибеге қатысушылардың бәрінде дерлік холестерин деңгейі айтарлықтай төмендеген. Бұл зерттеулер жұмыртқаны күнделікті пайдалану адам ағзасына еш зиян тигізбейтінін көрсетеді.
Күріш диетасы
Қытай, Корея, Жапония мемлекеттерінде толық адамдар өте аз. Бұл күнделікті мәзірде күрішті көп жейтініне байланысты болса керек. Бұдан өзге ішек жолының дұрыс жұмыс істеуіне септігін тигізеді. Яғни күріш диетасын ұстау арқылы арықтап қана қоймай, ағзаңызды тазартасыз.
Арықтауға арналған диетаны ұстамас бұрын, алдын ала дайындалу қажет. Ол үшін 5 стақанға 2 ас қасық күріштен салып, су құямыз. Төрт күн қатарынан күріштің суын ауыстырып отырамыз. Бесінші күні таңертең бірінші стақандағы күріштің суын төгіп, жеңіз. Айтпақшы күрішті қайнатудың қажеті жоқ. Кейін осы ыдысқа күріш салып, су құйып, соңғы қатарға қойыңыз. Күн сайын суын тазартуды ұмытпаңыз. Келесі күні де осы әрекетті қайталаңыз.
Күріш ағзаға түскен соң ол жердегі тұзды сыртқа шығарады. Ағзадағы тұз суды тез сіңіретіндіктен, оның еш пайдасы жоқ. Ағзада қалып қойып, арықтауға кедергі жасайды. Диета 2 аптаға созылады. Оны ұстап болған соң тамақтағы тұз мөлшерін азайтқан жөн. Әйтпесе диетаның еш пайдасы болмайды.
Күрішті таңғы аста жейді. Егер жылдам арықтағыңыз келсе, күнделікті мәзіріңізден нан, қант, картоп, макарон сынды тағамдарды ысырыңыз.
Арықтауға арналған күріш диетасының тағы бір түрі бар. Ол «екі тағам» деп аталады. Бұл диетада бірінші ас күріш болса, екінші ас – теңіз тағамы. Екі тағам диетасын ұстайтын болсаңыз, күніне екі уақыт қана тамақ жеуіңізге тура келеді. Бірақ күріш пен теңіз тағамын араластырып бір уақытта жеуге болмайды. Бұл диета небары 5 күнге созылады.
Қарбыз диетасы
Бұл диетаны ұстау оңай емес. Себебі оның басты шарты – қарбыздан басқа ешнәрсе жемеу.
Егер бүйрегіңіз ауыратын болса, бұл диетаны ұстауға болмайды. Егер бүйрек-бауырыңыз қалыпта болса, қарбыз диетасын ұстауыңызға болады.
Диетаның шарты бойынша 10 килограмм массаға орта пішінді бір қарбыз келеді. Демек егер салмағыңыз 70 килограмм шамасында болса, күніне 7 қарбыз жеуіңіз керек.
Егер қатты қарныңыз ашса, қара, дәнді не жемістен жасалған нан жеуіңізге болады.
Бұл диетаны он күннен артық ұстауға болмайды. Егер қаласаңыз, диета арасына екі апта салып, қайталауға болады.
Көптеген адам диета біте салысымен ауыр, калориясы мол тамақ жеуге көшеді. Оның үстіне диета кенеттен үзіп жіберетіндіктен, ағза жаңа тәртіпке үйренуге үлгермей, жеген тағамыңызды дұрыс қорыта алмай, артық май ретінде сақтауы мүмкін.
Қарбыз диетасын дұрыс аяқтау үшін таңертең сұлы ботқасын жеу керек. Күнімен жаңа піскен көкөністер мен жеміс-жидек жегеніңіз дұрыс. Мәзіріңізге ақырындап ағуыз қоса бастаңыз. Алғашқы күндері 30 кг-ға 1 қарбыз есебімен жеп тұрыңыз. Кешкі асқа қарбыз бен майсыз сүзбе не айран ішкен жөн. Ал ет пен балықты түскі асқа жеген абзал.
Г. Берік