Біздің сайтымызда бірнеше күн ұстауға ғана арналған диета түрлері көп. Бір апта не екі жұма ұстайтын диета кезінде тек қана бір тағам түрімен азықтану керек болғандықтан, белгіленген мөлшерден көп күн ұстануға болмайды. Ал, белгілі уақытымыз аяқталды, одан соң не істейміз? Арықтадым, бітті, қайтадан бұрынғы тамақтану қалпыма түсе берсем болады деу – үлкен қателік.
Арық қалпымызды сақтап қалу үшін, бірнеше уақыт өзімізді қинап ұстаған диетамыз далаға кетпес үшін не істеуіміз керек?
Арықтау кезінде адам денесіндегі май ыдырайды да, орны босап, тері созылмалы күйге түседі. Басқаша айтқанда, артық тамақ жесеңіз, ыдыраған май орны қайтадан толып, адам ағзасы бірден толысуға бейім болады.
Бос теріні қатайту үшін велосипед теуіп, жаяу жүріп, жүгіріп, секіріп, дене жаттығуларымен айналысыңыз.
Диета мерзімі аяқталған соң, келесі күні жейтін тағамдарыңыздың тізімін құрғаныңыз жөн. Оған сұлы жармасы, сүт өнімдері (сүзбе, айран, қатық), құрғақ жемістер (өрік, құрма, қараөрік, інжір), жеміс-жидек, балық, құс еті, жеңіл салаттарды жатқызуға болады. Әр тамақты жеуден 5-10 минут бұрын 1-2 шыныаяқ су ішіңіз. Тоқтық сезімін туғызумен қатар, ас қорыту үдерісін жылдамдатады.
Газды сусындар, ұн өнімдері, фаст фуд секілді азықтар сұлу сымбатыңызбен бірге денсаулығыңыздың да басты жауы екенін ескеріп, оларды көрген кезде диетаға жұмсаған уақытыңызды еске алыңыз.
Қандай тағам жесеңіз де құндылығы мен мөлшеріне көңіл бөліңіз. Тағамдық құндылығы ең аз азықтың өзін көп мөлшерде қолдансаңыз, ол таңдауыңыздан пайда жоқ.