Терлеу — табиғи және пайдалы процесс: ол дененің қалыпты температурасын ұстап тұрады және ағзаны уыттардан тазартады. Тәулігіне бөлме температурасында әйелдер — шамамен 400-600мл, ал ерлер 500-700мл сұйықтық жоғалтады. Ол адамның денесіне, физикалық белсенділігіне және эмоциялық жағдайына қарай өзгереді. Сондай-ақ, ыстықта бұл көрсеткіштер екі немесе одан да көп есе артуы мүмкін. Сондықтан жаздың ыстық күндері тазалық пен балғындық сезімін сыйлайтын арнайы құралдарды қалай дұрыс қолдану керегін біле жүріңіз.
Қандай дезодорант таңдау керек?
Дезодоранттар тері бактерияларын жоюға бағытталған. Олар қатты тершеңдікпен қиналмайтын адамдарға жақсы келеді. Оның құрамындағы жұмсақ компоненттердің (аллантоин, алоэ және басқа да өсімдік сығындылары) арқасында оны терісі өте сезімтал адамдар да қолдана бере алады.
Антиперспиранттар тікелей тер бөліну процесіне әсер етеді: тер бездерінің су ағу жолдарын тарылтады және сұйықтық бөлінуді 20−40%-ға азайтады. Олар физикалық жүктемелер кезінде және ұзақ сапарда міндетті түрде қажет болады.
Дезодорантты қолданудың 5 ережесі:
1. Мұндай құралдарды ешқандай жара немесе жырығы жоқ таза әрі құрғақ теріге жағу керек. Ал кешкісін жылы сумен жуып тастау қажет. Терлеп тұрған теріге дезодорант жағудың еш мәні жоқ.
2. Қолтықтағы шаштарды уақытында алып тұрыңыз. Олар жағымсыз иістің пайда болуына ықпал етеді. Қолтықта шаштың болмауы кез келген дезодоранттың әсерін арттырады. Алайда депиляциядан кейін бірден дезодорант қолдану теріні тітіркендіруі мүмкін.
3. Қолтық қызарып кетсе немесе тітіркенудің басқа алғашқы белгілерін байқасаңыз, ол құралды қолдануды бірден тоқтатып, оны басқамен алмастырыңыз. Жаңа құралды тері толықтай қалпына келгеннен кейін ғана қолданып бастаңыз.
4. Антиперспиранттар күнделікті қолдануға арналмаған. Оларды тек қажетінше, мысалы, жаттығуға барғанда немесе табиғатқа белсенді демалысқа шыққан кезде қолданыңыз.
5. Иістердің араласуына жол бермеңіз. Егер әтір қолдансаңыз, терден қорғайтын құралдың иісі аса білінбейтін болғаны жақсы.