Кез келген әйел тері күнделікті ылғалдандыруды қажет ететінін біледі. Алайда көпшілік скраб жайлы ұмытып кетеді. Скраб — ылғалдандырушы құралдар секілді тері сұлулығы үшін қажетті күтім құралы. Әрине, дүкен сөрелерінен түрлі скрабтарды кездестіруге болады, алайда үйде де өз қолыңыздан қолжетімді ингредиенттерден табиғи скраб дайындауға болады.
Тері бетіне өлген жасушалар жиналады. Олардың бәрінен қарапайым су процедуралары арқылы құтылу мүмкін емес. Ол үшін скрабтар мен пилингтер керек. Олар:
- қан айналымды жақсартады;
- терідегі зат алмасуды жылдамдатады;
- терідегі ұсақ тесіктерді тазартады.
Нәтижесінде, тері жұмсақ, тегіс және жаңартылған күйге енеді. Скрабтар теріні келесі күтім процедураларына дайындайды. Себебі скрабтан соң тері ылғалдандырушы және қоректендіруші құралдарды жақсырақ сіңіреді. Егер теріңіз қалыпты немесе аралас типке жатса, скрабты аптасына бір рет, егер теріңіз құрғақ болса, оны 10-14 күнде бір рет қолдану ұсынылады.
Теріге механикалық әсер ететін кез келген құралдың қарсыкөрсетілімі болады:
- Егер теріңізде бөртпе, күйік немесе тітіркену болса, скраб қолдануға болмайды;
- Егер теріде капиллярлық тор көрініп тұрса, скрабтардан бас тартып, оларды АНА-қышқылдары бар пилинг немесе эссенциялармен ауыстырған жөн;
- Скраб құрамындағы қандай да бір ингредиентке аллергияңыз болмауын қадағалаңыз.
Қант скрабы
Қажетті ингредиенттер:
- бал;
- қант;
- өсімдік майы (зәйтүн немесе жожоба майы).
Бал, май және ұсақ қантты 1:1:3 қатынаста араластырыңыз. Оның консистенциясы қою болуы керек. Қажет болса, тағы да қант қосуға болады. Мұндай скрабты ерінге, мойынға және жалпы сезімтал денеге қолдануға болады. Балдың күшті аллерген екенін ұмытпаңыз. Егер бұрын бір рет болсын бал қосылған скраб қолданып көрмеген болсаңыз, оны алдымен кішкене тері бөлігіне жағып, сәл күтіп көріңіз.
Күріш скрабы
Қажетті ингредиенттер:
- күріш;
- су/йогурт;
Ақ күрішті жақсылап жуып, кептіру керек. Ол толықтай кепкен кезде оны блендерде немесе кофеқайнатқышта ұсақтау қажет. Күріш ұнтағын сумен (майлы тері) немесе йогуртпен (құрғақ тері) араластырып, оны буға ұстап жақсы жұмсарған теріге жағу ұсынылады.
Кофе скрабы
Қажетті ингредиенттер:
- кофе;
- зәйтүн майы;
Егер таңертең өзіңізге кофе қайнатсаңыз, оның қоюын лақтыруға асықпаңыз. Оны аздап кептіріп, бірнеше қасық зәйтүн майымен араластыру керек. Кофеин зат алмасуды ынталандырады, қан айналымды жақсартады және өлген тері бөліктерін қабыршақтандырады. Ал зәйтүн майы терең қоректендіріп, теріні ылғалдандырады.
Тұзды скраб
Қажетті ингредиенттер:
- тұз;
- бал;
200 г ірі теңіз тұзын бірнеше қасық балмен араластырыңыз. Оны массаждық қозғалыспен денеге жағып, бірнеше минутқа қалдырыңыз. Мұндай скраб «проблемалық» жерлерге — сан, бөксе және қолға пайдалы. Тұздың ірі кристалдары қан айналымды ынталандырады және целлюлитпен күресуге көмектеседі.