"Сұлулық құрбандықты талап етеді" дейміз де, сырт көзге сымбатты болып көрінемін деп, түрлі әрекеттерге барып жатамыз. Ал денсаулық екінші орынға қалады. Бұл бұрыс па?
Үлкен көлемді сөмкелер
Сөмкесіне керек, керек емес заттардың барлығын салып жүргенді ұнататын арулар омыртқаның майысуына шалдыққанын да байқамай қалады. Қазірде хирургтарды косметолог дәрігерлер де құптап отыр, олардың жүргізген зерттеулері бойынша, үлкен сөмкеге құмар қыздардың май қабаттары бір жағына көбірек жиналады екен. Не істеуге болады? Біріншіден, сөмкеңізге «керек болып қалады» деген заттарды салып жүруден бас тартыңыз. Екіншіден, гардеробыңыздағы үлкен сөмкелерді лақтырып, кішіректерін сатып алыңыз. Үшіншіден, барлық сөмкелерді ылғи бір иықпен тасымаңыз. Артық салмақ жинамай, омыртқаңызды да сақтап қаласыз.
Биік өкшелі аяқ киім
Биік өкшелі аяқ киім сізді сымбатты қылып көрсетеді деп ойлайсыз ба? Ендеше мамандардың көзқарасын оқи отырыңыз. Әйел өкшеге күш түсіргенде, оның салмақ ортасы ауысады. Ал бұл ішіңіздің дөңгеленіп көрінуіне әкеледі. Соған қоса, өкшедегі туфли сан бұлшық еттерін әлсіретеді екен. Не істеуге болады? Жұлдыздардан үлгі алыңыз. Қай жұлдыздың күні бойы биік өкше киіп жүргенін көрдіңіз? Бұндай аяқ киімді ерекше жағдайларға ғана (мейрамханаға бару, кештер мен отырыстар) киген дұрыс. Ал басқа күндері жайпақ табанды аяқ киім кигеніңіз жөн.
Легинс шалбарлары
Қара легинс шалбарлары қазірде сән үйлерінің көрсетілімінен қарапайым қыздың гардеробына дейінгі барлық жерде кездеседі. Ал спорт жаттықтырушыларының айтуы бойынша, аяққа жабысып тұратын легинс шалбарлары аяқ бұлшық еттерін босаң қылып, шымырлығын азайтады екен. Не істесе болады? Уақытыңызды көбірек спортзалда өткізіп, денеге жабысып тұрған киімді киюден бас тартыңыз.