- Негізгі бет
- Сымбат
- Булимия деген не?...
Булимия деген не?
Булимия — анорексия сияқты жеткіншектер арасында көп болатын проблема. Ол – тамақты шектен тыс ішу мен тәбеттің тым жоғары болуы.
Булимияның пайда болу себептері:
- күйзеліс;
- өз-өзін жек көрушілік;
- дұрыс тамақтанбау;
- тұқым қуалаушылық.
«Өтпелі кезеңдегі» жеткіншекке айналасындағы болып жатқан жайттар, өзгерістер, ата-анасының ажырасуы, құрбы-құрдастарының өзі жайлы пікірі, армандаған заттарына жете алмауы, ғашықтық, т.с.с. әлеуметтік, материалдық жағдайлар қатты әсер етеді. Туындаған қиындықтарды жойып жіберу үшін үнемі (кейде тіпті түнде де) тамақ жегісі келеді. Осылай шамадан тыс тамақтану адамның ішкі құрылысы қызметінің бұзылуына алып келеді, сонымен қатар жүрекке, тіске кері әсер береді.
Адам семіріп кетуден қорқып, саусақтарын аузына тығып, құсып тастауға әдеттенеді. Ол бұл проблемасын ешкімге айтпауы да мүмкін. Алайда «ауруын жасырған өледі» демекші, мұның аяғы психосоматикалық созылмалы дертке ұласуы ықтимал. Сол себепті қысылып, қымтырылмай, дер кезінде емделуге тырысу қажет.
Қалай емделу керек?
Булимиямен ауырған жан алдымен психиатр, психолог, психоаналитикке көрініп, жүйкесін тоздырған проблеманы шешуге ұмтылуы керек. Сондай-ақ емделуші өзінің күніне неше рет, қалай тамақтанатынын жазып отырып, терапевт (немесе гастроэнтеролог) маманға жасырмай айтып тұрғаны абзал.
Диетологтармен кеңесіп, адам ағзасына қажетті, пайдалы, дәрумені көп тағамдарды ғана ішуге дағдыланған жөн. Науқасқа туған-туыстары қолдау көрсетулері керек.
Кешенді ем-шараның арқасында науқас ауруынан айығып, бұрынғы қалпына келеді.
Ф. Абилова