Massaget.kz сайты науқан жариялайды. Дене бітімін артық салмақтан арылтқысы келетін жандардан сүйінші сұраймыз! Психологтардың айтуынша, топпен бірге немесе біреумен бәстесіп арықтай бастаған адам диетасын соңына дейін бұзбай, бірден жақсы нәтижеге қол жеткізеді. Сондықтан, төмендегі диетаны сақтай отырып, бізбен бірге арықтаңыз.
Арулардың басым бөлігі толықтап кетуден қорқып, өмір бойы өз дене бітіміне көңілдері толмайды. Әр түрлі күрделі диета ұстап, денсаулықтарына ауыр нұқсан келтіріп жатады. Ешбір дәрігер аз уақыт ішінде салмақ тастауға көмектесетін емдәмді құптамайтыны туралы жазған болатынбыз. Ендеше, өзіміз тексеріп, оң нәтижеге қол жеткізген, жеңіл әрі денсаулыққа зияны жоқ диета түрін назарларыңызға ұсынамыз.
Алдымен, өзіңізді арықтаймын деп психологиялық тұрғыдан дайындаңыз. (Ас үй бөлмесінде отыратын орындығыңызға «диета» деп жазылған қағаз жайып қоюға да болады). Өз ойыңыздағы дене бітіміңізді көз алдыңызға елестетіңіз. Қазіргі өлшемдеріңізді жазып қойыңыз (бел, төс, бөксе, аяқ-қол). Бұл соңғы нәтижені салыстыру үшін қажет. Енді күн тәртібіңізді қайта қараңыз. Таңмен ерте тұрып, кем дегенде 15 минут таза ауада жүгіріңіз. Бұл - күні бойы сергек болуыңыздың кепілі. Жүгіруден келіп, шайнек қойып, өзі пісе беретін таңғы асты отқа қойып (суға пісірілген жұмыртқа, пакеттелген ботқа), өзіңіз душ қабылдап алыңыз. Асықпай таңғы асты тоя жеңіз. Таңмен тамаққа еш шектеу жоқ: міндетті түрде нан, сары май, ботқа. Бұдан ешқашан семірмейсіз. Керісінше, таңғы ас кешке дейін ағзаңызға күш-қуат беріп, күндіз сізді ашықтырмайды. Таңертеңнен кешкі 17:00-ге дейін 2 л. тазартылған бірақ қайнамаған су ішіңіз (шай, сорпа, шырындарды есептемегенде). Су ағзаны жақсы тазартады, теріңіздің ылғалдылығын қамтамасыз етеді. Бірақ кешкі 17:00-ден кейін су ішуге болмайды: бүйрегіңізге ауыр болады. Шамамен сағат 10:30-11:00-лерде жеңіл тіскебасармен ауқаттанып алыңыз. Мысалы, жеміс-жидек, ірімшік, жаңғақ, айран, йогурт, т.б. Бұл түскі аста артық тамақ жемеу үшін қажет. Түскі асты уақытынан кешіктірмей, сағат 13:00-14:00 аралығында ішкен абзал. Ыстық тамақтан әдетте жейтін порцияңыздың жартысын алыңыз. Сонымен қатар, мәзірге кішкене салат (майонезсіз болғаны дұрыс), бір тілім қара нан, шай не шырын кіреді. Мүмкіндік болса, түскі астан кейін, таза ауада 10-15 минут серуендеп алыңыз. Бұл тамағыңыздың жақсы қорытылуына көмектеседі. Түс қайта сағат шамамен 15:00-де тағы тіскебасармен ауқаттанып алыңыз. Кешкі тағамыңызды әдетте нешеде ішесіз? Иә, қарбалас өмірден кешкі асымыз кейде түнгі 10:00-ге дейін шегеріліп жатады. Дегенмен, өз денсаулығыңызды бағалап, өзіңізді сыйласаңыз, әдемі дене бітіміне қол жеткізгіңіз келсе, кешкі асты кешкі 18:00-ге дейін қабылдаңыз. Кешкі мәзір де жарты порциялы ыстық тағам, жеңіл салаттан және сусыннан тұрады. Балмен немесе кептірілген өрік, мейіз, құрма тістеп, шай ішіңіз. Кешке қарныңыз қатты ашса да, аузыңызға бір түйір тамақ салмауға тырысыңыз. Есесіне, келесі күні таңғы асыңызды аңсап, таңмен қиналмай ерте тұрасыз. Жатарда жеңіл жаттығу жасаңыз. Мысалы: шалқаңыздан жатып, аяғыңызды еденге перпендикуляр етіп көтеріп, қайшы және велосипед жаттығуларын кезектестіріп жасаңыз.Басында 25-25-тен, кейін 50-50-ден, және әрі қарай жаттығу санын көбейтіп отырсаңыз, жақсы әсерін тез байқайсыз. Одан кейін аяғыңызды түсіріп, енді, денеңізбен аяғыңызға дейін тартылып (арқаңызды тік ұстауға тырысыңыз), пресіңізді жаттықтырыңыз.
Бұл жаттығуды былай күрделендіруге болады: аяғыңызды бүгіп, оң шынтағыңызбен сол тізеңізге, сол шынтағыңызбен оң тізеңізге кезекпе-кезек тартыласыз.
Диетаның артықшылығы: күнделікті жеп жүрген тамағыңыздан бас тартпайсыз, тек мөлшерін азайтасыз. Өзіңіздің жеңілдігіңізді алғашқы 4-5 күн ішінде сезе бастайсыз.
Айта кетерлігі, нәтижеге асықпаңыз. Кешенді арықтаудың арқасында, денсаулығыңызға зиян келтірмей, ұзаққа салмақ тастай аласыз. Тағамыңызда түрлі дәруменге бай, жергілікті, маусымдық азықты пайдалану өте маңызды.
Емдәмді 1 ай ұстау қажет. Біздің кеңесімізге құлақ асып, арықтаймын дегендер, форумда өз ойыңызды, қосымша сауалдарыңызды жаза отырыңыз. Науқанға қатысатындар қазіргі дене өлшемдерін, диетадан әсерлерін, аралық нәтижелерін жазып, фотосын салып отырса игі болар еді.
Ендеше сәттілік тілейміз!
Бұл диета асыра семіздікке шалдыққандарға көмектеспеуі мүмкін. Себебі, үлкен салмақ іш құрылысы ауруларынан туындайды. Яғни, алдымен дәрігерге көрініп, емделу қажет.
Суреттер pohudeniegifts.drbm.cc, newsby.org, bigworldclub.com, sun-hands.ru сайттарынан алынған