- Негізгі бет
- Сымбат
- Бойжеткендерге сағат 5-те...
Бойжеткендерге сағат 5-те тұрудың қандай пайдасы бар?
ХІХ ғасыр философы Ричард Уэйтли «Таңертең бір сағатты жоғалтсаң, күні бойы сол уақытты іздеумен әлек боласың» деп айтқан екен. Ойшыл осы сөздері арқылы ерте тұрудың пайдасын меңзеген еді.
Жоғарыдағы дәйексөзге 2 ғасыр уақыт өтсе де, өз күшін жоғалтпауда. Қыз-қырқынның жылы көрпеден шығуға ерініп, таңертең асығыс жиналып, артынша межелеген жеріне өзін ретке келтірмей бара салатын кезі болады.
Бұл - ояну мәселесіне келгендегі жігерсіздік. Өмірдің қаншама қиын-қыстау кезеңдеріне төтеп берсек те, оятқышты сөндіре салу әдетінен арыла алмайтын сияқтымыз. Бірақ бұл әдемізден бас тартқан кезде не өзгереді? Ерте тұрудың қандай пайдасы бар?
АҚШ-тың алтыншы президенті Бенджамин Франклин «Кім ерте ұйықтап, ерте тұрса, сол бай, ақылды, мықты болады. Миымыз ерте тұрудың біздің басты міндетіміз екенін түсінуі тиіс. Бұл әдетті кез келгеніміз меңгере аламыз. Осы мақсатқа жету үшін барымызды салып жинақталайық» деп айтқан екен.
Жаман емес. Жігерлендіріп, мақсатымызға ұмтылдыратын сөздер. Алайда төсекте жылы көрпенің астында жағдай басқаша. Оятқының тетігін басуға құмарланып тұрамыз. 9-да жұмыста болу керек болса, соңғы сәтте орнымыздан тұрып, аялдамаға жүгіреміз. Жұмысқа барсақ та, қайда отырғанымызды білмей әлек боламыз. Немесе сабаққа барсақ, "Үй тапсырмасын көшіруге берші" деп құрбыларымыздың мазасын аламыз.
Ал енді дәл осы жағдайды басқа тұсынан қарастырайық. Таңертең ерте тұрып, жақын маңдағы стадионды бір айналып келдік. Өкпеміз таза ауаның «дәмін» сезді. Алматы секілді үлкен қалада көліктердің даусы тоқтаусыз естіліп жатса да, жайланып отырып таңғы асымызды іштік. Көңіл-күйіміз де жақсы.
Ал сағат 5-те тұруымыз үшін не істеуіміз керек?
Кейбірі бір уақытта тұрып, бір уақытта ұйықтау керектігін айтады. Екіншілері ағзамыз сигнал берген кезде ғана ұйқыға жатуды ұсынады. Бірақ бұл екеуін де дұрыс деп айта алмаймыз. Ең алдымен, 5 күн бойы кешкі сағат 10-да ұйықтап дағдылану керек. Ұйқымыз бізге тәуелді. Биологиялық сағатты әрдайым түзеп алуға болады. Мұнымен қатар көп мәліметтерде келтіретіндей 8 сағат ұйқының да қажет болмауы мүмкін. Яғни әр адамның ерекшеліктері ескерілуі тиіс.
Біріншіден, өзіңіздің биологиялық сағатыңызды тыңдап, ағзаңыз қалаған уақытта ұйқыға жатыңыз.
Екіншіден, оятқы шырылдай салысымен орныңыздан тұрыңыз. Ескерту! Бұл ағзаңыз үшін қиын сынақ болады! Оятқыны ұйқылы-ояу өшіріп тастамас үшін алыс жерге қойыңыз.
Ал «алтын 2 сағатта» немен айналысқанымыз жөн?
Ең дұрыс шешімдердің бірі – дене шынықтырумен айналысу. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, салауатты өмір салтын ұстанатын адамдардың 90%-ы жаттығуды таңғы сағат 4-5-те жасайды екен.
Таңертең мысықтай маужырап ұйқысын аша алмайтын құрбыларыма бір ұсыныс бар. Таңғы сағат 5-те тұру әдетін бірге қалыптастырсақ қайтеді? Осы әдетті қалыптастыру үшін қалай тырысқанымызды, нәтижесі қандай болғандығын төменде пікір ретінде жазайық. Меніңше, бұл өмірде алынбайтын қамал жоқ!
Сурет авторы: Yerlan Kidirov
Қ. Бүйенбай